Cheung Kong бизнес мектебімен әріптестікFarabi University

Cheung Kong бизнес мектебімен әріптестік

22 қаңтар, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Cheung Kong бизнес мектебінің делегация құрамы жұмыс сапарымен келіп, университет басшылығымен кездесті.

Жүздесуде ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов ҚазҰУ-дың Қытай университеттерімен ынтымақтастық байланысы жүйелі дамып отырғанын атап өтті. Екіжақты қол қойылған келісімдер шеңберінде академиялық, ғылыми-зерттеу жұмыстары белсенді жүргізілуде. 2023/24 оқу жылында бір оқытушы, бес докторант, 10 магистрант, 66 бакалавриат студенті ҚХР жоғары оқу орындарына іссапарға жіберілді. Қазіргі таңда университетте Қытайдан келген 869 студент білім алуда.

«Бүгінде зерттеу университеті мәртебесіне ие болған ҚазҰУ-да 16 факультет, 8 ҒЗИ, 140 ғылыми-зерттеу зертханасы және 29 ғылыми орталық жұмыс істейді. ҚазҰУ QS WUR 2025 халықаралық рейтингінде әлемнің Топ-200 ЖОО қатарына еніп,  230-орыннан 163-орынға көтерілді. 2023 жылы ҚазҰУ-да Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы ашылды. Сондай-ақ шығыстану факультетінде Конфуций институты табысты жұмыс істейді. Осы ретте біздің ынтымақтастық әріптестігіміз жалғасын табады деген сенімдемін», – деді Еркін Ерманұлы.

Өз кезегінде Cheung Kong бизнес мектебі оқу департаментінің басшысы Тан Хао ҚазҰУ басшылығының қабылдауына алғыс білдіріп, Cheung Kong бизнес мектебінің тарихы мен бүгінгі күндегі қызметіне тоқталды. «Бизнес мектеп бүгінде көшбасшылық пен инновацияны дамытуға баса назар аударады. Cheung Kong қазіргі күнге дейін әлем бойынша 10 мыңға жуық көрнекті кәсіпкерлер мен сала көшбасшыларын даярлады. Әртүрлі деңгейдегі білім беру бағдарламаларын ұсынады. Оқытушы-профессорлық құрам әлемдік деңгейдегі мамандардан тұрады. Олар Гарвард, Стэнфорд, Уортон сияқты жетекші университеттерден шақырылған. Факультет өкілдері Қытай экономикасы мен жаһандық нарықтар бойынша сараптамалық білімге ие. Осы ретте біздің сіздермен әріптестігіміз жемісті болады деген үміттемін», – деді Тан Хао.

Сондай-ақ жүздесу аясында тараптар бірлесе маман даярлау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, студент алмасу сынды білім, ғылым саласының ынтымақтастық бағыттарын жан-жақты талқылады.  

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі