ШЫҒЫСТАНУ ФАКУЛЬТЕТІНДЕ ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕР КЕҢЕСІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Жоғары оқу орнын бітірген әрбір жас маманның өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, өмірдегі өз орнын табуға деген құлшынысы болатыны белгілі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бітіруші түлектері де осы мәселені үнемі ойда ұстайтыны заңдылық. Осы орайда, 2025 жылғы 18 ақпанда Шығыстану факультетінде жұмыс берушілер кеңесімен кездесу өтті. Кездесуге ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Кайырбекқызы, Алматы қаласындағы Иран Ислам Республикасының Бас консулдығы жанындағы Мәдени орталықтың басшысы Хоссейн Ағазаде, Алматы қаласындағы Қытайдың сауда-өнеркәсіп банкі Персоналды басқару бөлімінің бастығы Манапова Д.А., "ДБ КЗИ Банк" акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының орынбасары Масенова Г.Б., «RAMS» құрылыс компаниясының бас директоры Serkan Uysal, Қазақстан-жапон орталығы жапон тілі курсы бөлімінің жетекшісі Канбалаева Ч., «Шинхан Банк Қазақстан» акционерлік қоғамы кадр бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанабай Гулназ қатысты. Сонымен қатар, кездесуге "Лотте Рахат" акционерлік қоғамының корпоративтік хатшысы Малгаждарова А.М., "Leela Internationals (Лила Интернэшнлс)" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Стадниченко А.Н, "Saqr Bin Mohammed Al Qasimi" атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернет директоры Досмаилова М.Қ. онлайн форматта қатысып, өздерінің сүбелі ойларымен бөлісті.
Шығыстану факультетінің деканы - Ем Наталья Борисовна факультет үшін жұмыс берушілермен байланыстың аса маңызды екенін жеткізді. «Жастар – елдің болашағы, бәсекеге қабілеттіліктің маңызды факторы» екені анық. Біздің мақсатымыз осы жастардың болашағына үлес қосу, сенімді қадам басуына қолдау білдіру. Бүгінгі басқосу – Сіздермен байланысты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді деп сенемін» деді Ем Н.Б.
Сөз кезегін алған кафедра меңгерушілері - Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының меңгерушісі Кокеева Д.М., Қытайтану кафедрасының меңгерушісі Керімбаев Е.А., Қиыр Шығыс кафедрасының меңгерушісі Абаған А.Б., Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасының меңгерушісі Эгамбердиев М.Ш. студенттердің өндірістік тәжірибесін ұйымдастыру және өткізу, түлектердің жұмысқа орналасу мәселесі, студенттердің санын көбейту және жұмыс берушілер арасынан демеушілерді тарту жайлы пікірілерін ортаға салды.
Жұмыс берушілер өндірістік тәжірибе барысында факультет студенттері берілген тапсырмаларға өте жауапкершілікпен қарайтынын, тілді жақсы меңгергені айтып, ұстаздарға алғыс білдірді, алайда болашақта түлектердің тілді меңгеруімен бірге қаржы, экономика, құқықтану саласын да қос мамандық ретінде игеруін насихаттауды, аударма жасау дағдыларын күшейту керектігін ұсынды.
Алдағы уақытта да жұмыс берушілер мен факультет арасында серіктестікті нығайту үшін маңызды кездесулер жалғасын табады.
Басқа жаңалықтар


