Менің өмірімді өзгерткен тәжірибе: Жапонияда оқуFarabi University

Менің өмірімді өзгерткен тәжірибе: Жапонияда оқу

25 наурыз, 2025

Мен Бекболат Мирас Шығыстану факультеті, Қиыр Шығыс кафедрасының 3-курс студентімін. Биыл академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Жапонияда білім алуға  мүмкіндігім болды.

Фучу ауданында  орналасқан Токио Шетелдік Зерттеулер Университетінде (TUFS), оқыдым. Ыңғайлы, әрі  жайлы кампусы бар, сапалы білім алуға қажетті барлық жағдаймен жабдықталған бұл университет шет тілдерді оқытуға маманданған. Университеттегі  сабақтар негізінен Active Learning әдісіне негізделіп, жапон және ағылшын тілдерінде өтті. Бұл әдіс студенттерді белсенді пікірталастарға, топтық жобаларға және алынған білімді тәжірибеде қолдануға бағыттайды.

Оқумен қатар, Жапонияның ерекше мәдениетімен де таныс болдым. Тарихы мен қазіргі замануи технологиялар үйлесімін тапқан   Киото, Осака, Нара және Окинава қалаларына барып, Жапонияның мәдени көпқырлылығын сезіндім.  Киото маған көне Жапонияның рухын сезіндірсе, Осака өзінің қарқынды қалалық өмірімен таңғалдырды.

Әрине, тілдік кедергі сияқты  қиындықтар да болды. Алайда ұстаздарым мен жаңа достарымның қолдауының арқасында бейімделу сәтті өтті. Бұл тәжірибе менің тұлға ретінде өсуіме және дүниетанымымның кеңеюіне ықпал етті. Мен Жапонияға тағы да оралып, білімімді әрі қарай жалғастырып, кәсіби дамуға үміттенемін.