Канадзавадағы академиялық ұтқырлық тәжірибесіFarabi University

Канадзавадағы академиялық ұтқырлық тәжірибесі

29 наурыз, 2025

       Менің атым Әсел Бақдаулетқызы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 3 курс студентімін. Биыл мен үшін үлкен мүмкіндік туды — академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Жапонияның әдемі Канадзава қаласында бір семестр оқыдым. Бұл мен үшін жапон тілін және мәдениетін тереңірек түсінуге, сонымен қатар жеке дамуым үшін үлкен қадам болды. 

      Канадзавадағы оқу ерекше тәжірибе болды. Қала көшелерінің тарлығы, дәстүрлі шай үйлері мен Кэнрокуэн бағының сұлулығы маған ерекше әсер етті. Мен қаланың ең жақсы университеттерінің бірінде оқыдым, онда оқытушылар өте мейірімді және бізге жан-жақты қолдау көрсетті.

       Сабақтар өте қызықты және мазмұнды өтті. Мен жапон тілімен қатар, Жапонияның тарихы, мәдениеті және саясаты бойынша маңызды білім алдым. Бұл мен үшін өте құнды тәжірибе болды. 

       Алғашында жаңа ортаға бейімделу оңай болмады, бірақ Канадзава тұрғындарының қонақжайлығы маған үлкен көмек болды. Университет кампусы кең әрі жайлы болды, сол себепті мен тез үйренісіп кеттім. Университет түрлі іс-шаралар ұйымдастырып тұрды, мысалы, какидзоме (жаңа жылдық каллиграфия), кага юдзен (дәстүрлі жапон бояу өнері) және концерттер. 

     Университеттің студенттік билетімен біз Канадзавадағы университеттер мен мәдени орталықтарға тегін бара алдық. Бұл маған қаланың мәдениетін жақыннан тануға мүмкіндік берді. 

    Канадзавада мен көптеген шетелдік достар таптым. Біз бірге қаланың көрікті жерлерін аралап, әсерлерімізді бөлістік. Бұл да мен үшін баға жетпес тәжірибе болды. 

    Жапон университетіндегі оқу менің академиялық деңгейімді көтеріп қана қоймай, өзіме деген сенімділігімді де арттырды. Дискуссиялар мен топтық жұмыстар жапон тілімді жетілдіруге көмектесті. Сонымен қатар, жапон мәдениеті мен тарихына байланысты жобаларға қатысу арқылы алған білімімді тәжірибеде қолдануға мүмкіндік алдым. 

    Мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға осы мүмкіндік үшін шексіз ризамын. Бұл оқу сапары Жапонияға деген қызығушылығымды арттырды және болашақта осы бағытта дамуға шабыт берді. Канадзавада алған білім мен дағдылар менің болашағым үшін мықты негіз боларына сенімдімін.