Арабтану орталығы меморандумға қол қойды

ТДМ «Тұрақты даму үшін серіктестік» тармағы аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Арабтану орталығының директоры ф.ғ.д. Джубатова Баян Нұрсұлтанқызы ҚМДБ Ислам ғылыми-зерттеу институты директоры ф.ғ.к. Төрәлі Қыдыр Еділбайұлымен өзара ынтымақтастық туралы ортақ меморандумға қол қойды. Т.Еділбайұлы өзі басқарып отырған ғылыми-зерттеу институтының тыныс-тіршілігімен, жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалардың ретімен таныстырып өтті. Институттың басты мақсаты дәстүрлі исламды ғылыми-теориялық негіздеу екенін, осы мақсат аясында бірқатар еңбектер жарыққа шығарылып жатқанын алға тартты. Арабтану орталығының директоры Баян Нұрсұлтанқызы институт жұмысына сәттілік тілеп, ортақ ғылыми жобаларды бірлесе қолға алуға ниетті екенін білдірді. Сондай-ақ, шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы арабтану бөлімінің оқытушы-профессорлар құрамы араб тіліндегі дереккөздерден ортағасырлық көне қазақ даласына қатысты деректерді аудару, сұрыптау, ғылыми айналымға енгізу бағытында бірлесе жұмыстар жасауға әзір екендіктерін алға тартты. Арабтану орталығы 2000 шы жылдары ҚазҰУ дің шығыстану факультетінің жанынан ашылған. Содан бері білікті шығыстанушы, арабтанушы мамандарды даярлап келеді. Алдағы уақытта орталықпен ғылыми бағытта ортақ жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда.
Арабтану бөлімінің меңгерушісі А.Хаван
Басқа жаңалықтар

