Анкарадағы академиялық ұтқырлық: білім мен тәжірибе жолында

Менің атым Салимбай Асель, мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 3-курс студентімін. Маған үлкен мүмкіндік бұйырды — академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Түркияның астанасы Анкарада бір семестр білім алудамын. Бұл сапар мен үшін жаңа білім мен тәжірибе жинақтауға, әрі кәсіби және тұлғалық дамуым үшін маңызды қадамға айналды.
Анкарадағы оқу өте қызықты және пайдалы өтуде. Мен Хаджи Байрам Вели университетінде білім алып жатырмын. Оқытушылар жоғары деңгейдегі мамандар және студенттерге барынша қолдау көрсетеді. Сабақтар мазмұнды, тың ақпаратқа толы, ал оқу жүйесі өз ерекшеліктерімен қызықтырады. Оқу барысында түркі әлеміне, оның тарихы мен мәдениетіне деген көзқарасым тереңдей түсті.
Мен бұл академиялық сапарға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Түркология және Шығыс елдері тарихы кафедрасының қолдауымен келдім. Осы мүмкіндікті берген кафедра ұстаздарыма және университетіме шексіз алғысымды білдіремін. Бұл тәжірибе менің болашақ жоспарларымды айқындап, халықаралық деңгейде ойлау қабілетімді дамытты.
Анкарадағы студенттік өмір өте белсенді өтуде. Университет түрлі конференциялар мен ғылыми шараларды жиі ұйымдастырады, бұл өз білімімді кеңейтуге және басқа елдерден келген студенттермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Әрбір күн жаңа жаңалықтарға толы, ал осында жинаған білімім мен үшін болашақта баға жетпес ресурс боларына сенімдімін.
Басқа жаңалықтар
