«Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ)» «Сапалы білім беру» тармағы аясында ирандық жазушының шеберлік сабағы өттіFarabi University

«Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ)» «Сапалы білім беру» тармағы аясында ирандық жазушының шеберлік сабағы өтті

25 сәуір, 2025

2025 жылдың 24 сәуірінде Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы Ирантану бөлімінің ұйымдастыруымен ирандық жазушы, «Бір беттік кітаптың» авторы Миразими студенттерге арналған шығармашылық шеберлік сабағын өткізді. Кездесу барысында жазушы қысқа әңгіме жанрының ерекшеліктеріне тоқталып, ықшам көлемдегі шығарманың идеялық тереңдігін, бейне жасау шеберлігін және көркем тілмен ой жеткізу тәсілдерін жан-жақты түсіндірді. Шеберлік сабағы аясында студенттерге арнайы шығармашылық тапсырма берілді: «Мен...» деген сөзбен басталатын және өздерінің алғаш мектепке барған сәтін сипаттайтын қысқа әңгіме жазу. Бұл тапсырма студенттердің ішкі сезімін, естелігін көркем тілмен жеткізе білуіне бағытталды. Жазылған шығармалар оқылып, әр мәтінге жеке тоқталған жазушы олардың көркемдік деңгейіне, мазмұн тереңдігіне, тілдік өрнегіне қатысты нақты пікірлерін білдірді. Талқылау барысында студенттер тек балалық шаққа оралумен шектелмей, қазіргі қоғамдағы өзгерістер, ата-анамен қарым-қатынас, ұрпақтар арасындағы түсіністік секілді өзекті тақырыптарға да өз көзқарастарын білдірді. Миразими студенттердің ой еркіндігі мен тіл байлығына жоғары баға беріп, әңгіме жазуда шынайылық пен өмірлік тәжірибенің рөліне ерекше тоқталды. Шеберлік сабағы жылы, еркін әрі шабытты ортада өтті және иран әдебиеті мен тіліне қызығушылық танытқан болашақ мамандар үшін ерекше тәжірибе алаңы болды.