Дөңгелек үстел: «Су арқылы жұғатын инфекциялардың таралуы және оны алдын алу шаралары»Farabi University

Дөңгелек үстел: «Су арқылы жұғатын инфекциялардың таралуы және оны алдын алу шаралары»

21 сәуір, 2025

2025 жылғы 16 сәуірде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мәжіліс залында маңызды ғылыми-білімдік іс-шара — дөңгелек үстел өтті. Медицина және денсаулық сақтау факультетінің 1 курс магистранттары "Су арқылы жұғатын инфекциялардың таралуы мен алдын алу шараларына" арналған баяндамаларын ұсынды. Іс-шараға 3 курс бакалавриат студенттері мен кафедра оқытушылары қатысты.

Магистранттардың баяндамаларында холера, іш сүзегі, гепатит A, дизентерия және өзге де су арқылы таралатын инфекциялық аурулардың қоздырғыштары, берілу жолдары, эпидемиологиялық ахуалы және алдын алу тәсілдері жан-жақты қарастырылды. Талдау барысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) ресми деректері мен Қазақстандағы өзекті эпидемиологиялық көрсеткіштер негізге алынды. Сонымен қатар, дөңгелек үстел барысында ДДСҰ әзірлеген су қауіпсіздігі жоспарлары, санитариялық-эпидемиологиялық талаптар және халықтың су ресурстарына жауапкершілікпен қарауының маңыздылығы ерекше назарға алынды. Қатысушыларға су қауіпсіздігін басқарудағы мультисалалық тәсіл, денсаулық сақтау менеджментінің рөлі және қоғаммен тиімді кері байланыстың маңызы туралы ақпарат ұсынылды. Іс-шара қорытындысында ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, тыңдаушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауаптар берілді. Қатысушылар магистранттардың ғылыми дайындығы мен өзекті тақырыпты терең игергендігін жоғары бағалады. Дөңгелек үстел теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға және болашақ мамандардың кәсіби ой-өрісін кеңейтуге ықпал етті. Баяндамашылар қатарында 1 курс магистранттары: Икрамова С.С., Сәрсембекова Н.Қ., Бекенов Д.Қ., Байсынов Н.Б., Сайби А. және Болат Б. болды. Кафедра ұжымы тарапынан магистранттарға алғыс білдіріліп, осындай ғылыми-білімдік іс-шаралардың тұрақты түрде өткізілуінің маңыздылығы атап өтілді.