- Басты бет
- Жаңалықтар
- Қытайтану кафедрасының студенті "Шығыстану" бағыты бойынша СҒЗЖ республикалық конкурсының жүлдегері атанды
Қытайтану кафедрасының студенті "Шығыстану" бағыты бойынша СҒЗЖ республикалық конкурсының жүлдегері атанды

2025 жылдың 16-17 мамыр күндері Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Шығыстану» білім беру бағдарламасы бойынша Республикалық студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауы (НИРС) өтті. Бұл байқаудың болашақ шығыстанушылардың зерттеу мәдениетін қалыптастыруда, ғылыми ізденіске деген ынтасын арттыруда, сондай-ақ студенттер мен жас зерттеушілердің шығармашылық әлеуетін дамытуда маңызы өте зор.
Байқауға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарынан «Шығыстану» бағытында білім алып жатқан талантты студенттер қатысып, өздерінің ғылыми ізденістері мен зерттеу нәтижелерін ұсынады. Қатысушылар қатарына бұған дейін университеттік деңгейде жүлделі орындарға ие болып, қатаң іріктеуден өткен үздік үміткерлер енді.
Аталған байқауға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «6В02207 - Шығыстану» БББ бойынша университеттік кезеңде 1-орын алған Қытайтану кафедрасының 3-курс студенті Ермахан Сәкен де қатысты. Ол «Қытай Халық Республикасының сыртқы саясатындағы Ауғанстан мәселесі» тақырыбындағы өзекті және терең талдауға негізделген ғылыми-зерттеу жұмысын ұсынып, байқау қорытындысы бойынша жүлделі II орынды иеленді. Студенттің ғылыми жетекшісі - Қытайтану кафедрасының аға оқытушысы Түргенбай Айнұр Абдулғаниқызы. Жетекші мен студенттің бірлескен еңбегі жоғары бағаланып, әділқазылар алқасының оң пікіріне ие болды.
Мұндай Республикалық деңгейдегі байқауға қатысу - Сәкен үшін алғашқы тәжірибе жинақтаудың, кәсіби өсудің және ғылымға деген қызығушылығын арттырудың тиімді мүмкіндігі болып отыр.
Жеңімпазымызды және ғылыми жетекшісін шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта жаңа шығармашылық табыстар мен ғылыми жетістіктер тілейміз!
"Шығыстану" бағыты бойынша СҒЗЖ республикалық конкурсының нәтижелері жарияланды
Басқа жаңалықтар


