ТАШКЕНТ ШЫҒЫСТАНУ УНИВЕРСИТЕТІМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КЕҢЕЮДЕ

Ташкент мемлекеттік шығыстану университетінің ( https://tsuos.uz/ru/ ) делегациясы шығыстану факультетіне жұмыс сапарымен келіп, тәжірибе алмасу, оқу үдерісімен, білім беру бағдарламалары және оқыту әдістемелерімен танысу, сондай-ақ шығыстану саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. 1918 жылдың қарашасында құрылған бұл университет Азиядағы екінші және посткеңестік кеңістіктегі ең көне әрі ең ірі шығыстану жоғары оқу орындарының бірі болып табылады.
Делегацияны Шығыс елдерінің тілі мен әдебиеті институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Хулкар Василовна Мирзахмедова басқарды. Ол университеттің құрылымы мен шығыстану бағытының ерекшеліктері туралы баяндама жасады. Делегация құрамында Жапонтану жоғары мектебінің жетекшісі PhD Халмурзаева Н.Т. және профессорлық-оқытушылық құрам өкілдері болды.
Өз кезегінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінің деканы факультеттің құрылымы, тілдік бағыттары және негізгі жетістіктерімен таныстырды.
Тараптар шығыс тілдері бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, бірлесіп оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу, әдістемелік семинарлар мен біліктілікті арттыру курстарын өткізу туралы келісімге келді.
Факультетте жаңа тілдерді (пушту, малай және вьетнам тілдері) дамыту бойынша бастамаларға ерекше қызығушылық танытылды. Тараптар пушту тілі бойынша оқулықты әзірлеу және оны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де басып шығару жөнінде бірлескен жобаны бастауға уағдаласты.
2025–2026 оқу жылының басында шығыс тілдерінің оқытушылары алмасу және докторанттар даярлау бағытында бірлескен жұмыстар басталмақ.
Басқа жаңалықтар
