- Басты бет
- Жаңалықтар
- Шығыстану факультетінде араб тілі оқытушыларына арналған халықаралық тренинг басталды
Шығыстану факультетінде араб тілі оқытушыларына арналған халықаралық тренинг басталды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Арабтану орталығы, арабтану бөлімі (ТШжОА кафедрасы) ТДМ «Тұрақты даму үшін серіктестік», «Сапалы білім беру» тармақтары аясында Сауд Арабиясы Корольдігіндегі «King Salman Global Academy for Arabic Language» академиясымен бірлесе отырып, араб тілі оқытушыларына арналған тренинг өткізуді бастады.
Тренингтің мақсаты – араб тілі оқытушыларын араб тілін екінші шет тілі ретінде үйретуде негізгі теориялармен, әдістемелік және заманауи құралдармен таныстыру, дағдыларды дамыту, сыни ойлау қабілеттерін арттыру, өзіндік талдау, басқалардың тәжірибесін бағалау арқылы оң нәтижелерді дамытуға бағытталған. Сондай-ақ, араб тілін екінші тіл ретінде оқыту әдістемелерінде әлемдік тәжірибенің озық үлгілерін пайдалануды, қолдануды зерделеу. Семинарды Халықаралық араб тілі академиясының сарапшылары доктор Мухаммад әл-Бушри, ұстаз Абду Рахман ас-Сарами жүргізеді. Тренингке қатысушы мамандардың араб тілі мамандығы бойынша жоғары білімі, араб тілін оқыту саласында жұмыс тәжірибесі болуы талап етіледі.
Курс тілді меңгеру үдерісі, тілді оқытудағы әдістемелік қағидалар, тіл элементтерін оқыту және оларды қолдану, тілді меңгеру дағдыларын оқыту және оларды қолдану, тіл сыныбын басқару, құралдар мен технологиялар, бағалау және тексеру, тілді оқытудың қиындықтары және мұғалімдердің кәсіби дамуы сынды тақырыптарды қамтиды.
Тренинг әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Король Салман Халықаралық араб тілі академиясы (Сауд Арабиясы, эр-Рияд) арасындағы 2024 жылдың 26-қыркүйегінде қол қойылған екіжақты меморандум аясында ұйымдастырылып отыр. Шараға шығыстану факультеті арабтану бөлімнің оқытушы-профессорлары, магистранттары, докторанттары, сонымен бірге Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, Абылайхан атындағы Әлем тілдері және Халықаралық қатынастар университеті, Абай атындағы педагогикалық университет және арабтанушы мамандарды дайындайтын өзге де білім беру мекемелерінің 30-ға жуық оқытушы қатысуда.
Тренинг 36 сағатты қамтиды, соңында әрбір қатысушыға Король Салман халықаралық араб тілі академиясының халықаралық үлгідегі сертификаты табыс етіледі.
Тренинг 29-мамырға дейін жалғасады.
Арабтану орталығының меңгерушісі Хаван А.
Басқа жаңалықтар
