Орталық Азиялық жапон тілінен шешендік өнер сайысыFarabi University

Орталық Азиялық жапон тілінен шешендік өнер сайысы

24 мамыр, 2025

          24 мамырда Нархоз университетінде жапон тілінен 28-ші Орталық Азиялық шешендік өнер сайысы өтті. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстаннан қатысқан 18 сайыскердің бірі болып ҚазҰУ Шығыстану факультеті жапонтану бөлімінің 2 курс студенті Рысбахова Риза да өз бағын сынады. Ол Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде 15 наурыз күні өткен 28-ші Республикалық жапон тілінен шешендік өнер сайысында жүлдегер болып, аталмыш сайысқа жолдама алған болатын.

         Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі И.Ясумаса, Қазақстандағы жапон кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы Ш.Иппей, Қазақстандағы жапондар қауымдастығының төрағасы Н.Хидеки және әр елдің жапон тілі оқытушыларынан құралған қазылар алқасының шешімімен анықталған жүлдегерлер сапында болмаса да, сайысқа абыроймен қатысып шыққан Ризаға оқытушылары дән риза.

          ҚазҰУ Шығыстану факультеті жапонтану бөлімінің аға оқытушысы Шадаева Мадина Қазақстанның жапон тілі оқытушылары қауымдастығының атынан сайыстың қазылар алқасының құрамында болғанын да айта кеткіміз келеді.