«6В05205 – География» білім беру бағдарламасы бойынша 1-курс студенттері далалық практика жұмыстарын жүргіздіFarabi University

«6В05205 – География» білім беру бағдарламасы бойынша 1-курс студенттері далалық практика жұмыстарын жүргізді

13 маусым, 2025

2025 жылғы 26 мамырдан бастап Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультетінің «6В05205 – География» білім беру бағдарламасы бойынша оқитын 1-курс студенттері кәсіби (оқу-жалпыгеографиялық) далалық практика жұмыстарын жасады.

Аталған практика география, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының ұйымдастыруымен жүргізілді. Далалық іс-тәжірибе аясында студенттер нақты жер бедерінде географиялық құбылыстарды зерттеп, табиғи компоненттердің кеңістіктік ұйымдасу ерекшеліктеріне талдау жасады.

Практиканың бағыты ретінде Алматы қаласы маңындағы табиғи нысандар – Түрген шатқалы, Шарын шатқалы және Алтын Емел мемлекеттік ұлттық табиғи паркі таңдалды. Бұл аумақтар табиғи-ландшафттық алуандығымен ерекшеленіп, студенттердің далалық зерттеу дағдыларын қалыптастыруға зор мүмкіндік берді.

Практика барысында студенттер:

  • физикалық-географиялық жағдайларды сипаттады;
  • жер бедері, климат, топырақ және өсімдік жамылғысының өзара байланысына талдау жасады;
  • ландшафтық құрылымдарды карта-схема түрінде бейнеледі;
  • далалық күнделік жүргізіп, зерттелген нысандарды сипаттады.

Практиканың ғылыми жетекшілері – г.ғ.к., аға оқытушы С.С. Түгелбаев, оқытушы А.Ә. Асанбаева және оқытушы Н.Ә. Құрбанқожа. Оқытушылар студенттерге далалық зерттеу әдістерін үйретіп, нақты географиялық нысандармен жұмыс жасауда кәсіби бағыт-бағдар берді.

Далалық практика нәтижесінде студенттер теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде қолдана білді. Сонымен қатар, олар табиғи ортаны кешенді бағалау және сараптау қабілеттерін шыңдап, география мамандығы бойынша алғашқы кәсіби машықтарын меңгерді.