2025 жылғы Қазақстан Президентінің Жолдауы: стратегиялық векторлар және ұлттық даму траекториясыFarabi University

2025 жылғы Қазақстан Президентінің Жолдауы: стратегиялық векторлар және ұлттық даму траекториясы

8 қыркүйек, 2025

 

2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялады. Бұл Жолдау мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы институционалдық трансформацияларды айқындайтын және елдің ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарын белгілейтін іргелі саяси құжат ретінде сипатталады.

Президенттің Жолдауындағы басым бағыттардың бірі ұлттық экономиканы құрылымдық әртараптандыру. Жаһандық экономикалық турбуленттілік жағдайында Қазақстан үшін шикізаттық тәуелділікті төмендету және қосылған құны жоғары өндірістерді индустриялық-инновациялық негізде дамыту басты стратегиялық міндет ретінде айқындалды.

Жолдауда қазіргі жаһандық экономикалық кеңістікте цифрлық трансформация  ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің детерминанты. Жолдауда цифрландыру, жасанды интеллект (AI), Big Data, блокчейн технологиялары секілді инновациялық тетіктерді енгізу мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың және экономикалық модельді жаңғыртудың басты факторы ретінде көрсетілді.

Жолдауда ерекше назар аударылған тағы бір мәселе  әлеуметтік салалардың институционалдық жаңғыртылуы.

  • Білім беру жүйесінде халықаралық аккредитация стандарттарына сәйкес кадр даярлау, академиялық мобильділікті кеңейту және ғылыми-инновациялық ортаны қалыптастыру міндеті қойылды.
  • Денсаулық сақтау саласында цифрлық медицинаны дамыту, биомедициналық зерттеулерді қолдау және алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру қажеттілігі атап өтілді.
  • Экологиялық саясатта «жасыл экономика» қағидаттарына негізделген табиғи ресурстарды басқару және климаттық тәуекелдерге бейімделу – басты вектор ретінде қарастырылды.

Бұл бағыттар адами капиталдың сапалық трансформациясын қамтамасыз етіп, ұлттық инновациялық әлеуеттің негізін құрайды.

Жолдауда көтерілген маңызды мәселенің бірі – ұлттық қауіпсіздік концепциясын кешенді жетілдіру. Президент атап өткендей, азық-түлік қауіпсіздігі, энергетикалық тұрақтылық және көлік-логистикалық жүйенің сенімділігі – мемлекеттің стратегиялық тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі параметрлер.

Сонымен қатар, халықаралық аренадағы геосаяси өзгерістерді ескере отырып, Қазақстанның сыртқы саяси бағыты аймақтық интеграциялық процестер мен көпвекторлы дипломатияға негізделетіні көрсетілді.

2025 жылғы Жолдау – Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі ұлттық даму парадигмасын айқындаған бағдарламалық құжат. Онда экономикалық әртараптандыру, цифрлық технологияларды институционалдандыру, әлеуметтік салаларды реформалау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету секілді стратегиялық басымдықтар белгіленген.

Бұл Жолдау елді инновациялық даму траекториясына бағыттап, Қазақстанның XXI ғасырдағы жаһандық сын-қатерлер жағдайында тұрақты дамушы мемлекет ретінде орнығуына ғылыми-теориялық негіз қалайды. Осы жолдауды қолдау мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Шығыстан факультетінде Түріктану және Шығыс елдері тарихы кафедрасының профессор-оқытушылары мен студенттері түгелдей тыңдауға қатысып  өзара пікір алмасып атсалысты.