
2025 жылдың 5 қыркүйегінде Қиыр Шығыс кафедрасының оқытушылары Шадаева М.Т., Нурелова А.М., Ниномия Т. Тазабекова Г.Б. және Нурсеитова Л.Д. басшылығымен күншығыс елінен келген жапондық білімгерлер үшін арнайы қоштасу кеші ұйымдастырылды.
Аталған шара барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақ тілін оқыту курсын тамамдаған Жапония студенттеріне салтанатты түрде сертификаттар табысталды. Бұл игі шараға Жапонияның Цукуба университетінен келген студенттер – Кубо Юичиро, Ма Юруи және Мацуда Наоя қатысты.
Салтанатты рәсім барысында жапон студенттері шығыстану факультетінің жапонтану бөлімінің студенттерімен жақын танысып, достық қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік алды. Осыған орай 2-курс студенттері, Абдиғали Аяжан мен Досекей Мейірбек арнайы мерекелік бағдарлама ұйымдастырды. Іс-шара аясында 1-курс студенттері арнайы концерттік бағдарлама дайындап, өз өнерлерін көрсетіп, қонақтарға ерекше әсер сыйлады.
Бағдарламаның алғашқы бөлігінде 1-курс студенті Асылтай Мадина қазақтың әйгілі күйі «Балбырауын» туындысын домбырада шебер орындап шықты. Бұл ұлттық шығармаға тәнті болған шетелдік қонақтар қазақ мәдениетінің байлығын сезініп, ерекше рухани әсер алды. Келесі болып өнер көрсеткен шетел филологиясы мамандығы бойынша білім алып жатқан 1-курс студенттері Елеубай Абылай, Садыкова Айым және Аинұрбеков Расул «Бәрінен де сен сұлу» әнін орындап, көрермендерді әуезді әуенге бөледі.
Сайып келгенде, берілген шара қазақ және жапон жастары арасындағы достықты одан әрі нығайтуға және қос ел арасындағы мәдени байланыстарды дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.
Басқа жаңалықтар


