ҚазҰУ -да «Цифрлық технологиялар және робототехника» халықаралық институты мен робототехника орталығы ресми ашылдыFarabi University

ҚазҰУ -да «Цифрлық технологиялар және робототехника» халықаралық институты мен робототехника орталығы ресми ашылды

12 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында «Цифрлық технологиялар және робототехника» халықаралық институты мен робототехника орталығының ресми ашылуы өтті. Салтанатты рәсімге ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қытай Халық Республикасының Алматыдағы бас консулы Цзян Вей, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы-Ректоры Жансейіт Түймебаев және Huibo Robotics компаниясының бас атқарушы директоры Уаң Чжэньхуан арнайы қатысты.

Ауқымды жоба – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың академиялық әлеуеті мен Jiangsu Huibo Robotics Technology Co., Ltd. компаниясының технологиялық мүмкіндіктерін біріктіретін заманауи инновациялық шешім. Маңызды келісімге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырдағы Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында қол жеткізілген болатын.

Мәртебелі меймандарды ректор Жансейіт Түймебаев қарсы алып, заманауи кешен жұмысымен таныстырды. Университет басшысы орталықтың цифрлық инженерия мен өнеркәсіптік робототехниканы меңгеруге мүмкіндік беретін озық білім беру кеңістігі екенін атап өтті. Мұнда студенттер өндірістің барлық процестерін сандық ортада үйренеді. Сонымен қатар өндірістегі әр кезеңді өзара байланыстыруды үйреніп, күрделі автоматтандырылған жүйелермен жұмыс істеуге дағдыланады.

Орталықтың жалпы ауданы 600 шаршы метрді құрайды. Мұндағы бес инновациялық платформа – заманауи өндіріс пен жасанды интеллект негізінде құрылған және интеллектуалды роботтармен жұмыс істеуге арналған кешендерден тұрады.

Атап айтқанда, виртуалды зауыт, өнеркәсіптік роботтарды бағдарламалау жүйесі, жасанды интеллект пен машиналық көру платформалары, өнеркәсіптік роботтарды қолдануға арналған оқыту жүйесі  және күрделі бионикалық қозғалыстар мен интерактивті тапсырмаларға қабілетті Unitree Go2 Pro роботтары. Қазіргі таңда орталықта жалпы 13 заманауи робот орнатылған.  

Институтта «Робототехника», «Мехатроника», «Жасанды интеллект» және «Заттар интернеті» бағыттары бойынша бірлескен білім беру бағдарламалары әзірленіп, бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар цифрлық технологиялар саласындағы мамандарды қайта даярлау курстары да жоспарланған.

Министр Саясат Нұрбек өз сөзінде оқу орталығының әлеуетіне жоғары баға беріп, мұндай практикалық бағыттағы білім беру модельдері жаңа буын инженерлері мен ІТ мамандарын даярлауда шешуші рөл атқаратынын атап өтті.

Қытайлық серіктес Уаң Чжэньхуан бұл жобаның екі ел арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты одан әрі дамытатынын, робототехниканы оқыту мен зерттеудің жаңа деңгейіне шығуға септігін тигізетінін айтты.  

Сондай-ақ жоба аясында стартаптар мен инновациялық компаниялар құрылып, робототехникалық жүйелердің құрамдас бөліктерін Қазақстанда өндіру қолға алынады. Халықаралық университеттер мен технологиялық компаниялармен бірлескен тағылымдамалар, академиялық ұтқырлық пен тәжірибе алмасу бағдарламалары іске қосылады. Алдағы уақытта халықаралық конференциялар мен хакатондар да ұйымдастырылмақ. Бұл Қытай және басқа елдердің оқу орындарымен бірлескен желілік білім беру және ғылыми бағдарламаларды дамытуға ықпал етеді.

Жиылған қонақтар мен сала мамандары ҚазҰУ-дың бұл бастамасы еліміздегі техникалық білім беру жүйесіне серпін беретініне сенім білдірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі