ШЫҒЫСТАНУ ФАКУЛЬТЕТІНДЕ ТҰРАҚТЫ ДАМУ МАҚСАТТАРЫ ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ТЕГЕРАН ҚАЛАСЫ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН КӨРМЕ АШЫЛДЫFarabi University

ШЫҒЫСТАНУ ФАКУЛЬТЕТІНДЕ ТҰРАҚТЫ ДАМУ МАҚСАТТАРЫ ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ТЕГЕРАН ҚАЛАСЫ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН КӨРМЕ АШЫЛДЫ

6 қазан, 2025

Тегеран қаласы күніне (6 қазан) арналған көрмені Иран Ислам Республикасының Алматыдағы Бас консулдығы ұйымдастырды. Шығыстану факультетінің деканы М.Ш. Егамбердиев ашылу салтанатында Иран мен Қазақстан арасындағы саяси, экономикалық және мәдени байланыстардың ежелден жалғасып келе жатқандығын және бұл байланысты одан әрі нығайтуға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінің де өз үлесін қосып отырғанын мәлімдеді.

Иран Ислам Республикасының Алматыдағы Бас консулы Сона Ахмади ханым бұл күннің Иран тарихында алатын орны ерекше екенін атап өтті. 1796 жылы Аға Мұхаммед хан таққа отырғаннан бері Тегеран Иранның астанасы болды. Сол уақыттан бастап бүгінгі күнге дейін қала Иран тарихындағы көптеген маңызды оқиғалардың саяси алаңы болды. Дәл осы күні 1906 жылы Конституциялық қозғалыс кезінде Жоғарғы Ұлттық Кеңес Қала заңын қабылдады. Осылайша, сол күннен бастап Тегеранның билігі ресми түрде мойындалып, кейін 6 қазан Теһран күні болып белгіленді.

PhD волонтер оқытушысы Ф.Шакиба өз кезегінде Теһранды қонақжай қала деп сипаттап, қаланың мәдени және тарихи ескерткіштерін таныстырды. Ирантанушы Б.Қ. Базарқұлова Теһранның жай қала емес, барлық ирандықтардың ұлттық болмысының, күресінің және қазіргі өмірінің символы екенін атап өтті.

Көрменің ашылу салтанатына Шығыстану факультетінің оқытушылары мен студенттері, Ираннан келген қонақтар қатысты.