- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясындағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі қонақ дәріс
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясындағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі қонақ дәріс
2025 жылдың 12 қарашасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінде «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Алматы қ. ПД Бостандық ауданының Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің аға инспекторы, полиция капитаны Динара Қойшыбайқызы Магзумованың қонақ дәрісі өтті.
Іс-шараны мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының доценті Н.Қ. Мыңбатырова және «Мемлекет және құқық тарихы» студенттік клубы ұйымдастырды.
Кездесудің басты мақсаты – студент жастар арасында заңға бағынушылық мінез-құлықты қалыптастыру, өз әрекеттері үшін жауапкершілік туралы түсінік қалыптастыру және құқық қорғау қызметіне қатысты өзекті мәселелерді түсіндіру болды. Динара Қойшыбайқызы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі құқық қорғау органдарының рөлін, жастар арасындағы қылмыстың алдын алуды, әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар (соның ішінде бұзақылық, есірткіге байланысты қылмыс және киберқылмыс) үшін жауапкершілікті, қоғамдық орындарда мінез-құлық ережелерін және жеке қауіпсіздікті талқылады.
Дәріс барысында полиция капитаны өз тәжірибесінен мысалдар келтіріп, студенттердің құқықтық саланың әртүрлі аспектілеріне қатысты көптеген сұрақтарына жауап берді. Әсіресе, абайсыз әрекеттердің салдары мен заңды сақтаудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Мұндай кездесулер жоғары оқу орындары мен құқық қорғау органдары арасындағы серіктестікті нығайтуға және студент жастардың жеке және қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне саналы түрде қарауына, сондай-ақ заңға бағынудың және қауіпсіз қоғам құруға белсенді қатысудың маңыздылығын жақсы түсінуіне ықпал етеді.