- Басты бет
- Жаңалықтар
- GLOF мәселелері бойынша семинарлар: жергілікті қауымдастықтарды тарту және криосфералық қауіптерге төзімділікті арттыру құралы ретінде
GLOF мәселелері бойынша семинарлар: жергілікті қауымдастықтарды тарту және криосфералық қауіптерге төзімділікті арттыру құралы ретінде
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультетінің профессорлық-оқытушылық құрамы ЮНЕСКО-мен бірлесіп Талғар және Есік қалаларында мұздықтық-мореналық көлдердің ақтарылу (GLOFs) қауіптілігіне қатысты халықтың хабардарлығын арттыру және дайындық деңгейін күшейтуге бағытталған ақпараттық-оқыту семинарларын ұйымдастырды.
Семинарларды өткізу климаттың өзгеруі жағдайында криосфералық қауіптердің дамуына байланысты табиғи үдерістерді ғылыми негізделген әрі тәжірибеге бағытталған тұрғыда түсіндіруге, сондай-ақ таулы және тауалды аймақтардағы ықтимал төтенше жағдайларға жергілікті қауымдастықтардың, жергілікті атқарушы органдардың және бейінді қызметтердің дайындық деңгейін арттыруға бағытталды.

Семинарлар барысында гидрология, қауіпті гидрологиялық құбылыстар, қауіптерді басқару және климатқа бейімделу саласындағы жетекші сарапшылар баяндама жасады. Метеорология және гидрология кафедрасының доцент-зерттеушісі Мусина Айнур Каировна мұздықтық-мореналық көлдердің пайда болу механизмдері мен олардың негізгі қалыптасу шарттарын таныстырды. «Қазселденқорғау» ММ директорының орынбасары және метеорология және гидрология кафедрасының аға оқытушысы Абишев Бауржан өңірдегі GLOF қалыптасу салдарын төмендету шараларына тоқталды. Метеорология және гидрология кафедрасының ғылыми қызметкері әрі аға оқытушысы Раймбекова Жанар криосфералық және климаттық қауіп-қатерлерге бейімделудің қолжетімді әрі тиімді стратегияларын ұсынды.

Іс-шаралар ТДМ 4 «Сапалы білім», ТДМ 11 «Тұрақты қалалар мен елді мекендер», ТДМ 13 «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес» және ТДМ 15 «Құрлық экожүйелерін сақтау» аясында жүзеге асырылып, қауіпті табиғи үдерістерге жергілікті қауымдастықтардың төзімділігін қалыптастыруға бағытталды. Семинарлар барысында мұздықтық-мореналық көлдердің қалыптасу ерекшеліктері, GLOF тәуекелдерін бағалау мен басқарудың заманауи тәсілдері, сондай-ақ жобаның пилоттық аумақтарында ерте ескерту жүйелері мен бейімделу шараларын енгізу перспективалары қарастырылды.

Жергілікті тұрғындармен ашық диалогқа, олардың бақылаулары мен тәжірибелік пікірлерін талқылауға ерекше көңіл бөлінді. Практикалық бөлімде төтенше жағдайларға жеке және ұжымдық дайындық дағдыларын дамытуға бағытталған алғашқы қажеттілікке арналған шұғыл жиынтықты қалыптастыру бойынша интерактивті жаттығу өткізілді. Өткізілген семинарлар GLOFCA жобасын іске асыруға жергілікті қауымдастықтарды тартудың және университеттің климаттық әрі гидрологиялық тәуекелдерді төмендету саласындағы халықаралық ұйымдармен ғылыми-практикалық ынтымақтастығын дамытудың маңызды кезеңі болды.
