- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында ТДМ-4 «Сапалы білім» аясындағы стратегиялық сессия өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында ТДМ-4 «Сапалы білім» аясындағы стратегиялық сессия өтті
Тұрақты даму мақсаттарының бірі – ТДМ-4 «Сапалы білім» бағыты шеңберінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында «Академиялық басқару және білім беру сапасы: жетекшілер мен оқытушылар үшін қарқындылық» атты сараптамалық стратегиялық сессия ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – заманауи генеративті жасанды интеллект (GenAI) құралдарын білім беру үдерісіне тиімді енгізу арқылы пәндерді құзыреттілік тұрғысынан қайта құрастыру, бағалаудың ашық әрі әділ жүйесін қалыптастыру және академиялық басқаруды жетілдіру болды. Сонымен қатар факультеттер мен кафедралар деңгейінде білім сапасының бірыңғай стандарттарын орнықтыру, оқыту үдерісіндегі кәсіби этика мәдениетін арттыру және туындайтын келіспеушіліктерді сындарлы шешу тетіктерін қарастыру мәселелері қамтылды.
Сессия бірнеше бағыт бойынша параллель форматта өткізілді. Атап айтқанда, оқу қызметіндегі процестік басқару, GenAI құралдары көмегімен пәннің редизайнын жасау, дуальды оқыту мен микробіліктіліктерді енгізу, сондай-ақ оқыту этикасы және қақтығыстарды басқару мәселелері талқыланды. Университеттің профессор-оқытушылар құрамы «Қайта құрастыру–2026: GenAI құралдары көмегімен пәннің редизайнын жасау» және «Оқыту этикасы және қақтығыстарды басқару» семинарларына белсенді қатысты. Практикалық бөлімде бірнеше команда құрылып, университет әкімшілігі ұсынған силлабус үлгісі негізінде бір пән бойынша толық оқу-әдістемелік пакет әзірленді.
Генеративті жасанды интеллект құралдарын (Gemini, чат-боттар және өзге де бағдарламалар) пайдалана отырып, қатысушылар пәннің жаңартылған силлабусын, бір дәрістің мазмұнын, семинар сабағының жоспарын, студенттердің өзіндік жұмыс тапсырмаларын және қорытынды емтихан бағдарламасын дайындады.
Жұмыс барысында дәстүрлі тәсілмен әзірленген оқу материалдары мен GenAI көмегімен жасалған нұсқалар салыстырылып, олардың мазмұндық ерекшеліктері, құрылымдық артықшылықтары және уақыт тиімділігі талданды.
«Оқыту этикасы және қақтығыстарды басқару» семинары барысында академиялық адалдық қағидалары, оқытушы мен студент арасындағы кәсіби қарым-қатынас мәдениеті, әділ бағалау және тең мүмкіндік принциптері, аудиториядағы психологиялық ахуалды басқару, шиеленісті жағдайлардың алдын алу және оларды тиімді шешу жолдары кеңінен қарастырылды. Қатысушылар нақты кейстер негізінде пікір алмасып, рөлдік ойындар арқылы конфликтілік жағдайларды басқарудың практикалық дағдыларын жетілдірді.
Сессия жұмысына Химия және химиялық технология факультетінің оқытушылары да белсенді қатысты. Жалпы және бейорганикалық химия кафедрасының оқытушылары Асқар Бахадур, Далабаева Н.С., Мылтықбаева Л.К., Түгелбаева Л.М. және Балгышева Б.Д. тәжірибе алмасып, пәндерді құзыреттілікке негіздеп қайта құрастыру бағытында практикалық жұмыс жүргізді.
Стратегиялық сессия университеттің білім беру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі саясатының айқын көрінісі болды. Генеративті жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісіне сауатты әрі жауапты енгізу – заманауи жоғары білім берудің маңызды талабы. Мұндай бастамалар білім мазмұнын жаңғыртып қана қоймай, академиялық басқару мәдениетін жетілдіруге және сапалы білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Әл-Фараби атындағы КазҰУ
Химия және химиялық технология факультеті
жалпы және бейорганикалық химия кафедрасы
химия ғылымының докторы,
доцент Балғышева Бейқұт Даутбекқызы
Басқа жаңалықтар