Түркітану бойынша ғылыми жоба аясында Венгриядағы ғылыми сапар

7 желтоқсан, 2023

Үстіміздегі жылдың 24 қарашасы мен 7 желтоқсан аралығында профессор Раушан Амирдинқызы Авакованың жетекшілігімен  «Түркі тілдеріне ортақ фразеологизмдердің лексикографиялық жүйесі» атты жоба тақырыбы бойынша көрсетілген календарлық жоспарға сәйкес Венгрия мемлекеті   Сопрон қаласы Батыс Венгрия университетіне іссапар ұйымдастырылған болатын.Іссапар барысында Венгрия мемлекеті   Сопрон қаласы Батыс Венгрия университетіне ЖТН AP19675130 «Түркі тілдеріне ортақ фразеологизмдердің лексикографиялық жүйесі» атты жоба тақырыбы бойынша ғалымдармен тәжірибе алмасып, кеңес алып, ғылыми семинар өткізіп, университеттің кітапханаларында жұмыс жасалды. Сопрон қаласы Батыс Венгрия университетіне жоспар бойынша  ғылыми семинарға тақырып бойынша арнаулы ақпараттық кейспен барып, университеттегі тіл факультетінде бірнеше семинар өткіздік. Атап айтқанда, түркі тілдеріне ортақ фразеологизмдердің лексикографиялық жүйесі жөнінде магистранттар мен докторанттарға арнаулы дәріс оқылып, соңынан талдау-талқылау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, венгр тіліндегі фразеологиялық қор мен өзге де түркі тілдеріндегі фраземалардың арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды сараптама жасайтын жұмыс тобын құру туралы ұсыныс түсті. Венгрия лингвистика ғылымында  айтулы құбылыс болып табылатын «Бабалар сөзі» ғылыми еңбегінің ерекшеліктері туралы ғалымдардың көзқарастары мен пікірлерін тыңдадық. Бізбен ғылыми жоба аясында жұмыс істеуге даын екенін ескерткен факультет ғалымдары жалпы Шопрон университеті туралы мәлімет берді. Венгриядағы бұл университет студенттер саны бойынша бесінші орында. Оның кампустарымен таныстырып, Батыс Венгрияның бас тарихи қаласында орналасқан және жоғары білім мен дамыған инфрақұрылымға ие жиырма мыңға жуық студенттерге заманауи білім ұсынатындарын жеткізді.

    Факультет  ғалымдары мен оқытушылары кафедра өмірі жайлы сөз сөйлеп, кафедра оқытушыларының соңғы жылдары жарық көрген ғылыми еңбектерімен, ғылыми жобалары бойынша жарияланған ғылыми монографияларымен таныстырып, Қазақстан үшін аса қажет деген біршама кітаптарды сыйға тартты.Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Түркітану және тіл теориясы кафедрасымен өзара бірлестікте ғылыми жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігіне ие мүмкіншіліктерді талқыладық. Түркітанушы ғалым Қоңыр Мандоки еңбектері жайлы пікірлесіп, жоба аясында түркі халықтарының ортақ фразеосемантикалық жүйесіне қол жеткізуге ықпал ететін факторлар тізімі жасалды.  Сондай-ақ, филология мамандығында оқитын студенттерге ҚазҰУ тарихы, өзіміздің кафедрамыздағы түркітану, түркі филологиясы мамандықтары, студенттердің ішкі академиялық ұтқырлығы, және т.б. мәселелер бойынша кәсіби бағдар берілді.

ЖТН AP19675130 «Түркі тілдеріне ортақ фразеологизмдердің лексикографиялық жүйесі» атты жоба тақырыбы бойынша алдын ала көрсетілген календарлық жоспардан тыс іс-шараларға қатысу мүмкіндіктеріне ие болғанымызды да айта кеткен жөн. Мәселен, Будапешт университетіндегі Алтайтану ғылыми-зерттеу институтының Сегед қаласындағы Сегед университетіне көшуіне байланысты, жаңа бағыттарды қосуға тура келді. Аталған университетте Алтайтану саласы мен түркітану бағытындағы ғылыми зерттеулермен айналысып жүрген беделді еуропалық ұжымның жұмыс бағытымен таныстық. Ұжым басшысы профессор Шандор Пафф өз кезегінде орталықтың  профессорлық-оқытушылық құрамымен таныстырып, университет кітапханасындағы алтай, түркі, шығыс тілдеріндегі кітаптар бөліміне шақырды. Ондағы кітаптар мен сирек қор материалдарының жиналуы туралы әңгімеледі. Болашақта Әл-Фараби ҚазҰу ғалымдарының басылымдарын жинау жұмысымен айналысатынын айтты.Ең бастысы, Шандор Пафф мырза жыл  сайын өз университетінің есебінен қазақстандық бір магистрант пен бір докторантты қабылдауға дайын екенін жеткізді.

ЖТН AP19675130 «Түркі тілдеріне ортақ фразеологизмдердің лексикографиялық жүйесі» атты жоба аясындағы жоспарлы кездесулердің бірі – белгілі түркітанушы Қоңыр Мандоки мұражайына барып, ғалымның жазған кітаптарымен, аяқталмай қалған ғылыми еңбектерімен танысып, сараптама жасау болды. Бұл істе бізге үлкен көмегін беріп, бағыт көрсеткен жан – Қоңыр Мандокидің жұбайы лингвист Оңайша Мандоки болды. Маманнан  жалпы Венгриядағы түркі тілдерінің зерттелу деңгейі туралы ой-пікірлерін естіп, жаңа бастамалары мен жоспарларын тыңдап, жаңа бағытта бірлесе жұмыс істеуге ниет білдірдік.

Осылайша, ғылыми жоба аясындағы іссапардан жинаған материалдарымыз бен жаңа ұсыныс-идеялар өз кезегіндегі жаңа жұмыстарға ұйтқы болмақ.