Қытайтану кафедрасының оқытушылары Қазақ Ұлттық Ғылым академиясында Абайдың 180 жылдығына арналған ғылыми іс-шараға қатыстыFarabi University

Қытайтану кафедрасының оқытушылары Қазақ Ұлттық Ғылым академиясында Абайдың 180 жылдығына арналған ғылыми іс-шараға қатысты

29 мая, 2025

2025 жылғы 28 мамыр күні Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақ ұлттық ғылым академиясында ұлы ойшыл, ақын және ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай мектебі және ұлт зиялылары» атты ғылыми-танымдық іс-шара өтті.

Жиынға еліміздің белгілі академиктері, абайтанушы ғалымдар мен жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты. Іс-шараның ұйымдастырылуына ф.ғ.д., профессор Ислам Жеменейдің соңғы жылдары жарық көрген қазақ және парсы тілдеріндегі абайтану бағытындағы еңбектері тікелей түрткі болды.

Іс-шараның ашылуында ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Асылбек Қажығұлұлы Күрішбаев құттықтау сөз сөйлеп, Абай мұрасының қазіргі қоғам үшін маңыздылығына тоқталды. Жиынды академик Асқар Серқұлұлы Жұмаділдаев қорытындылап, Абай мұрасын жаңа қырынан зерттеуге шақырды.

Шара аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультеті, Қытайтану кафедрасының аға оқытушысы Нұрхалық Абдырақын «Абай және шығыстық дүниетаным» атты баяндама жасап, Абайдың ой жүйесіндегі шығыс философиясының орнына тоқталды. Баяндамашы Абайды әлемдік деңгейдегі ойшыл, ағартушылық күресті ту еткен кемеңгер тұлға ретінде бағалады.