- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ-да араб тілі оқытушылары мен студенттеріне арналған халықаралық тренинг өз мәресіне жетті
ҚазҰУ-да араб тілі оқытушылары мен студенттеріне арналған халықаралық тренинг өз мәресіне жетті

2025 жылғы 29 мамырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде араб тілі оқытушылары мен арабтану бөлімінің студенттеріне арналған халықаралық тренинг сәтті аяқталды.
Аталған жоба ҚазҰУ мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Эр-Рияд қаласындағы Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясы арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандум аясында жүзеге асты. Іс-шара қос тараптың қолдауымен ұйымдастырылды.
4 күнге созылған тренингке Алматы қаласының әртүрлі жоғары оқу орындарынан келген 25 араб тілі оқытушысы және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінің 30 студенті қатысты. Бағдарлама аясында қатысушылар араб тілін оқыту әдістемесі, лингвомәдениет және тілдік корпус салаларындағы тың біліммен танысты.
Шараның жабылу салтанатында Шығыстану факультетінің деканы Наталья Борисовна Ем университет ректоры, профессор Жансейіт Түймебаевтың атынан Араб тілі академиясының Бас хатшысы доктор Абдолла Уашмиге ризашылығын білдірді.
Академияның Лингвистикалық корпустар департаментінің директоры, доктор Афрах ат-Тамими тренингті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Арабтану орталығының директоры Баян Нұрсұлтанқызы Жұбатоваға және арабтану бөлімінің меңгерушісі Айдынгүл Хаванға алғысын білдіріп, өзара әріптестікті жалғастыруға үміт білдірді.
Сауд Арабиясынан келген коуч-тренерлер – Мұхаммад бен Шудейд, Абдрахман ас-Сарами және Ухуд аш-Шалауи – қазақстандық оқытушылар мен студенттердің қызығушылығы мен белсенділігін жоғары бағалады. Делегация сонымен қатар тренингтің ұйымдастырылуына қолдау білдірген ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев мырзаға, бірінші проректор Еркін Дүйсенов мырзаға, проректорларға, факультет деканы Наталья Ем ханымға ризашылық сезімдерін жеткізді.
Тренинг соңында барлық қатысушыларға Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясының халықаралық үлгідегі сертификаттары табысталды.
Басқа жаңалықтар

