Академиялық мәселелер студенттік көшбасшылармен қарастырылды — ҚазҰУ

Академиялық мәселелер студенттік көшбасшылармен қарастырылды

20 қазан 2026
Академиялық мәселелер студенттік көшбасшылармен қарастырылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Академиялық мәселелер жөніндегі департамент басшылығы Болон үдерісі жөніндегі студенттік бюро өкілдері және факультеттердің студенттік декандарымен кездесті. Жиында оқу үдерісін ұйымдастыру, академиялық ережелерге енгізілген өзгерістер және білім сапасын қамтамасыз етуге студенттердің қатысуын кеңейту мәселелері талқыланды.

Кездесуге Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева қатысып, өз сөзінде студенттермен ашық диалог орнатудың маңызын атап өтті. Академиялық талаптарды, құқықтар мен міндеттерді жақсы білу білім алушыларға жеке білім беру траекториясын саналы түрде қалыптастыруға, оқу мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға және университет өміріне белсенді араласуға жол ашады.

Талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі – ҚазҰУ-дың жаңартылған Академиялық саясаты. Қатысушыларға құжатқа енгізілген өзгерістер түсіндіріліп, оның академиялық қызметті реттейтін негізгі талаптары таныстырылды.

Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Сымбат Бөлегенова және бейінді құрылымдардың басшылары Әсел Мусинова, Ерасыл Асылбеков, Илья Круговых, Гүлмира Әмірбекова, Жазира Қожабергенова мен Маржан Айтбаева өз бағыттары бойынша түсініктеме беріп, студенттердің сауалдарына жауап берді.

Ашық пікір алысу барысында студенттер өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, университет басшылығына ұсыныстарын жеткізді. Кездесу академиялық талаптарды студенттердің күнделікті тәжірибесімен ұштастыра талқылауға, сондай-ақ білім алушылар мен университет әкімшілігі арасындағы байланысты нығайтуға бағытталды. 

Жүздесуді Болон үдерісі жөніндегі студенттік бюро төрағасы Снежана Баранова мен студенттік ректор Ақбота Әнуарова ұйымдастырды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі