Ардагерлер Кеңесі IX есеп беру-сайлау конференциясын өткізеді

30 наурыз, 2016

Құрамында 205 мың зейнеткері бар 8 аудандық Кеңес пен 663 бастауыш ұйымның басын біріктіріп отырған Алматы қалалық ардагерлер Кеңесі 2016 жылдың 1 сәуірінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасында 2011-2015 жылдарда атқарылған жұмыстарға есеп беру мақсатында IX есеп беру-сайлау конференциясын өткізеді.

Осы жылдар аралығында зейнеткерлер саны 32 мыңға, зейнетақының орташа мөлшері 13817 теңгеге артты және арнайы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері де ұлғайды. Оны зейнеткерлердің 70%-ы алады

Конференцияға орай қалалық бюджет есебінен жүзеге асып отырған 12 әлеуметтік бағдарлама туралы және құрылымдық өзгерістер жайлы, сонымен қатар егде жастағы азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету, зейнетақы мөлшері мен әр жылға бөлінген мемлекеттік жәрдемақы хақындағы анықтамалық әзірленген.

Сондай-ақ, «Қазақстан 2050» стратегиясы аясында 100 нақты қадам мен Ұлт жоспары Бес институционалдық реформаны жүзеге асыруда жастарды толерантты және Қазақстан патриоты ретінде рухани-адами қасиеттерге тәрбиелеуде ардагерлер ұйымдарының қатысуы талқыланады.

Конференцияға Ардагерлер ұйымының Республикалық Орталық Кеңесінің, қалалық және аудандық әкімдіктердің, қалалық басқармалардың, бөлімшелер мен қызметтердің басшылары, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері, соғыс және тыл ардагерлері, концлагерь тұтқындары, Ленинград қоршауында болғандар, ҚР сіңген ерең еңбегі үшін зейнетақы алатын дара зейнеткерлер қатысады.

Делегаттар құрамында 3 Социалистік еңбек ері, 8 доктор мен 18 ғылым кандидаттары, ҚР еңбек сіңірген мәдени қайраткерлері, құрметті құрылысшылар, темір жолшылар, денсаулық сақтау және оқу үздіктері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары бар.

Конференцияның күн тәртібі:

  1. Қалалық ардагерлер Кеңесінің 2011-2015 жылдарға есеп беруі;
  2. Ревизиялық комиссияның есебі;
  3. Қалалық ардагерлер Кеңесінің жаңа құрамын сайлау;
  4. Ревизиялық комиссия құрамын сайлау
  5. ҚР VII ардагерлер құрылтайына делегаттарды анықтау.

Конференция соңында Президиум мүшелерін және Алматы қалалық ардагерлер Кеңесінің басшысы мен оның орынбасарын тағайындайтын ұйымдық алқалы жиын өтеді.

Байланыс телефондары: 272-44-85; 272-44-73