«Асыл сөз іздесең, Абайды оқы!»
Тұрақты даму мақсаттарының төртінші – сапалы білім беру бағыты аясында «Асыл сөз іздесең, Абайды оқы!» деген тақырыппен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған іс-шара өтті.
Дөңгелек үстелге университет студенттері, сондай-ақ Түркия, Қытай, Түрікменстан, Моңғолия, Тәжікстан елдерінен келіп білім алып жатқан шетелдік студенттер де қатысты. Іс-шараның бір ерекшелігі – Абай Құнанбайұлының рухани еңбегі студенттерге жасанды интеллектінің көмегімен көрсетілгені. Шетелдік студенттер, оның ішінде Түркиядан Атеш Мюджахит, Амантур Асыл, Муниса Мухамедова, Ибадзод Хабиб, ал Қытай елінен Ли Цзюньлян, Хуан Боян, Жақсыбек Алқар, Моңғолиядан Уатхан Музафар, Ерболат Саяжан, Зейнеп Әзімбай, Тәжікстаннан Абдурахмон Умронов, Мухаммадджон Умронов Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін өз тілдерінде жатқа айтып, іс-шараның маңыздылығын арттырды.
Бұл іс-шараны өткізудегі мақсат – халқымыздың дана ақыны, ғұлама ойшылы Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен әндерінің таралуын насихаттау, бүгінгі ұрпақ арасында жастардың Абай мұрасына қызығушылығын арттыру, оқып-білуге, тани түсуге ынталандыру. Абай атамыздың қалдырған асыл мұрасын әр студенттің ой-санасына жеткізу, білім алушылардың ойлау қабілетін дамыту және интеллектуалдық дағдыларды қалыптастыру. Абай шығармалары арқылы білім алушыларды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу.

Іс-шара барысында студенттер Абай шығармаларын оқу арқылы рухани және моральдық құндылықтарды талқылап, қазіргі қоғамда қолдану жолдарын ұсынды. Қазақстандық және шетелдік студенттер арасында қызықты пікір алмасу мен сұхбат түзіліп, қатысушылар өз елдеріндегі әдеби және философиялық дәстүрлермен салыстырмалы талдау жасады. Әсіресе Абайдың адамгершілік, білімге құштарлық, еңбекқорлық және әділеттілік тақырыптары ерекше талқыланды.
Іс-шара соңында заң факультетінің студенттері мазмұнды баяндамаларымен қатар, ұлттық өнерді паш етіп, домбырада күй тартып, ән орындады. «Желсіз түнде жарық ай» әніне би билеп, ақынның қара сөздері мен өлеңдерін оқыды. Сөйтіп, шетелдік студенттер тек ұлы ақын Абай Құнанбайұлының мұрасымен таныспай, қазақтың ұлттық өнеріне тәнті болды. Осындай іс-шаралар жастардың қоғамға деген жауапкершілігін арттырып, шетелдік студенттермен ынтымақтастықта өмір сүріп, азаматтық ұстаным тұрғысында тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.
Қарлығаш АЙСҰЛТАНОВА,
филология факультеті Шетел тілдері кафедрасының
ассистент-профессоры
Басқа жаңалықтар