Декандар стратегиялық басқару тренингінен өтуде
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде факультет декандарына арналған стратегиялық басқару бойынша оқыту бағдарламасы басталды. Тренингті менеджмент және стратегия бойынша тәжірибелі сарапшы, танымал бизнес-тренер Қайсар Мақан жүргізуде.
Үш күнге созылатын бағдарлама декандардың стратегиялық құзыретін күшейтіп, басқарушылық дағдыларын дамытуға бағытталған. Негізгі мақсат – факультеттердің 2026-28 жылдарға арналған даму стратегияларын сапалы түрде әзірлеуге қолдау көрсету.

Тренинг барысында қатысушылар басқарудың заманауи тәсілдерін меңгереді, факультеттің даму бағыттарын анықтап, нақты мақсаттар мен KPI жүйесін құрастырады. Сондай-ақ олар стратегиялық жоспарлар мен жол карталарын дайындап, командамен жұмыс істеу, мотивация беру және бақылау сияқты менеджмент құралдарын тәжірибе жүзінде игермек.

Бағдарлама үш кезеңнен тұрады. Алғашқы модульде декандар стратегиялық ойлау негіздерін, білім беру саласындағы трендтерді және SWOT, PESTEL сияқты талдау әдістерін қолдануды үйренеді. Екінші кезеңде стратегия жобалау, мақсаттар жүйесін қалыптастыру және үшжылдық жол картасын жасау қарастырылады. Үшінші модуль басқарушылық дағдыларға арналмақ: команда құру, кері байланыс беру, қызметкерлерді ынталандыру және тиімді басқару тетіктері талқыланады.
Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай:
– Тренингтің басты мақсаты – декандар арасында тиімді коллаборация қалыптастырып, өзара іскерлік қарым-қатынасты күшейту, сондай-ақ университеттің құндылықтары мен стратегиясын терең түсініп, оны әзірлеу және жүзеге асыру дағдыларын меңгеру. Стратегияның жалпы мазмұнын күнделікті білсек те, бұл бағдарлама оның құрылымын жүйелі түрде қалыптастыруға үйретуде. Сонымен қатар стейкхолдерлермен жұмыс жүргізудің заманауи тәсілдерін меңгеріп, бизнес, ғылым және өндіріс интеграциясының даму бағыттарын жан-жақты талдаудамыз. Осы тұрғыдан алғанда тренингтің берері мол.

Оқыту соңында әр декан өз факультетінің толыққанды даму стратегиясын дайындап, университет басшылығына ұсынуға дайын болады. Құжатта мақсатты көрсеткіштер, оларды іске асыру жолдары және нақты міндеттер көрсетіледі.

Аталған шара ҚазҰУ-дың басқару мәдениетін жаңғыртып, факультеттердің стратегиялық дамуын жаңа деңгейге көтеруді көздейді.
Заң факультетінің деканы Уәлихан Ахатов пікірімен бөлісті:
Декандарға арналған бұл курсты ұйымдастырғаны үшін ризашылығымды білдіремін. Бағдарлама кәсіби біліктілігімізді арттыруға үлкен септігін тигізеді. Факультеттің стратегиялық жоспарын әзірлеуге қажетті көптеген алғышарттармен танысып, ұжымды басқарудың заманауи және тиімді әдістерін меңгеріп жатырмыз. Сондай-ақ оқытушылар мен студенттердің белсенділігін арттыру, факультеттегі психологиялық ахуалды реттеу бағытындағы тың тәсілдер ұсынылуда. Бүгінгі жетістіктерімізді саралаудың жаңа жолдарын қарастыруға да мүмкіндік алдық.



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар