Гонконгта ҚазҰУ жобалары таныстырылдыFarabi University

Гонконгта ҚазҰУ жобалары таныстырылды

12 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің делегациясы Гонконгтағы The Hong Kong Polytechnic University университетінің School of Hotel and Tourism Management (SHTM) мектебі мен Hotel ICON оқу қонақүйінің базасында өткен IMPACT 2025 халықаралық конференциясына қатысты.

Форум бағдарламасы тұрақты туризмді дамыту мәселелеріне, «ақылды» қонақүй тұжырымдамасына, сондай-ақ ғылым мен қонақжайлылық индустриясы арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа форматтарына арналды.

Конференцияда ҚазҰУ атынан география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы, география ғылымының PhD докторы, қауымдастырылған профессор Әлия Ақтымбаева және «Туризм» білім беру бағдарламасының 1-курс докторанты Еркежан Дәулетханова қатысты. Олар «Operationalising Urban Ecotourism in Industrial Cities through an AQI-Adjusted Composite Index» тақырыбында баяндама жасады.

Зерттеу өнеркәсіптік қалалар үшін ауа сапасы индексін (AQI) ескере отырып, қалалық экотуризмнің интегралды индексін әзірлеуге бағытталған. Авторлар экологиялық, инфрақұрылымдық, әлеуметтік-білім беру және басқару бағыттарынан тұратын төрт компонентті модель ұсынады. Осы модель негізінде қалалық экотуризм әлеуетін қала аудандары мен шағын аймақтар деңгейінде бағалауға мүмкіндік беретін композиттік метрика құру жоспарланып отыр.

IMPACT 2025 конференциясына қатысу қазақстандық зерттеу нәтижелерін халықаралық алаңда таныстыруға, туризм, тұрақты даму және цифрлық трансформация салаларындағы сарапшылардан кері байланыс алуға, сондай-ақ Hong Kong Tourism Board, Pacific Asia Travel Association, University of Surrey, Bournemouth University сияқты жетекші университеттер мен салалық ұйым өкілдерімен кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.

Сапардың нәтижелері Өскемен қаласының мысалында қалалық экотуризм моделін одан әрі әзірлеу, Scopus мәліметтер базасында индекстелетін журналдарда бірлескен мақалалар дайындау, сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен The Hong Kong Polytechnic University құрамындағы School of Hotel and Tourism Management арасындағы әріптестік жобаларды дамыту барысында пайдаланылатын болады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі