ҚазҰУ мен «Mastercard» ортақ жобаларды іске асырады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев «Mastercard» компаниясының Қазақстан және Орталық Азия бойынша бас директоры Санжар Жамаловпен кездесті.
Тараптар цифрлық қаржылық шешімдер саласындағы ынтымақтастық перспективасын, білім алушыларға арналған инновациялық сервистерді енгізу мүмкіндіктерін талқылады. Сонымен қатар бірлескен сараптамалық зерттеу орталығы мен зертхана ашу, университет студенттеріне арналған киберқауіпсіздік тақырыбындағы көшбасшылық дәрістер ұйымдастыру бойынша өзара пікір алмасты.

Құрметті қонақ Санжар Жамалов «Mastercard» компаниясының қаржы технологиялары саласындағы мүмкіндіктері мен ағымдағы жобаларын таныстырды. Ол процестерді цифрландыру және заманауи төлем құралдарының қолжетімділігін кеңейту бағытында университетпен өзара серіктестіктің жоғары әлеуетін атап өтті.

Оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев жаһандық технологиялық компаниялармен ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталып, білім беру сапасын арттыруға және студенттердің игілігі үшін жасалатын жобаларды іске асыруға қызығушылық білдірді.
Кездесу нақты ынтымақтастық бағыттарын пысықтау және бірлескен бастамаларды әзірлеу жөніндегі келісіммен аяқталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар