ҚазҰУ-дың ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетіне – 40 жылFarabi University

ҚазҰУ-дың ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетіне – 40 жыл

12 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің құрылғанына 40 жыл толуына арналған  Ашық есік күні өтті.

Мерекелік жиынның ашылуында ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың құттықтау сөзін Басқарма мүшесі –  қаржылық-шаруашылық мәселелер және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі проректор Абдрахман Тасыбаев оқып берді.

«ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеті 40 жыл бойы мыңдаған жастың үлкен ғылым жолындағы алғашқы баспалдағына айналды. Бұл – кәсіби біліктілік пен адамгершілік ұстанымды қатар ұстанған ұстаздардың еңбегі», – делінген құттықтауда.

Сонымен қатар шара қонақтарының бірі – жазушы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алматы қалалық филиалының төрағасы, белгілі қоғам қайраткері Омарәлі Әділбекұлы факультет ұжымын мерейлі белеспен құттықтады. Ол факультет елге келген талай қандастың білімге деген сенімін күшейткен рухани орталық екенін айта келе, мұнда тек тіл ғана емес, қазақ мәдениетінің терең тамыры танытылатынын атап өтті.

Ардагер ұстаз, профессор Людмила Екшембева да факультет өмірінің үлкен бір бөлігі екенін айтты. «Бүгінгі биік көрсеткіштер – бірнеше буын ұстаздардың ортақ еңбегінің жемісі. Қазіргі жас кадрлардың әлеуеті жоғары, болашағы жарқын», – деді ардагер-ұстаз. Ол 1987-98 жылдары Қазақ және орыс тілдерін шет тілі ретінде оқыту кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған.

Факультет деканы Алмас Бектанов оқытушы-профессорлар мен ардагер ұстаздарды және студенттерді құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Сонымен қатар факультет жетістіктеріне тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Салтанатты шарада факультеттің ардагер-ұстаздары, қызметкерлері, түрлі жылдардағы түлектер мен жас шәкірттер де мінберге шығып, өз жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Жиында көпшілікке факультеттің төрт онжылдық тарихын қамтитын арнайы бейнематериал көрсетілді. Факультеттің дамуына елеулі үлес қосқан ардагер-ұстаздарға ҚазҰУ ректорының алғыс хаттары табысталды. Бұған қоса, мерейтой аясында факультет пен кафедралардың ғылыми-әдістемелік қызметін қамтитын үш бірдей басылымның тұсауы кесілді.

Кешті факультеттің шетелдік және отандық тыңдаушылары дайындаған шығармашылық нөмірлер жандандырып, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады.

Сондай-ақ факультет тарихының әр кезеңін бейнелейтін бай фотокөрме қатысушыларды білім ордасының өткеніне жетеледі.

 

 

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі