ЕКІ УНИВЕРСИТЕТ АРАСЫНДАҒЫ АЛТЫН КӨПІР
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Шығыстану факультеті Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасының зерттеуші-доценті, филология ғылымдарының докторы Сүйерқұл Ботагөз Мырзабайқызы елімізде ғылыми кадрларды даярлау ісіне жүйелі түрде үлес қосып келеді. Осыған орай Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне ғылыми негізде ресми іс-сапарға арнайы шақыртылған ғалым аталған білім ордасының филология факультетінде «Теолингвистикалық зерттеулер: өткені және қазіргі мәселелері» тақырыбында қонақ дәріс өткізді. https://www.instagram.com/reel/DQe-ASijBjp/?utm_source
Дәріс барысында қазіргі тіл біліміндегі жаңа бағыттар бойынша толыққанды мағлұмат берген ғалым «ескіше оқыған» шығыс ғұламаларының еңбектеріне, «ескіше оқу» мен жаңаша білім беру жүйесінің арасындағы сәйкестіктер мен қайшылықтарға кеңінен тоқталды.
Ғалымның қазіргі қоғамда кездесетін өзекті мәселелерді шешуде, білім беру жүйесі мен тәрбиені ұштастыруда тіл мен діннің өзара байланысын тиімді пайдалануға қатысты пікірлері аудиторияның қызығушылығын тудырып, теолингвистикалық зерттеулердің өзектілігін және ұлттық рухани құндылықтарымызды сақтаудағы маңыздылығын түсінуіне негіз болды.

Дәріскер қазіргі қазақ тіліндегі адамның үш негізі мен үш тірегіне қатысты тұрақты оралымдардың мағынасын діни таным негізінде ашып, халқымыздың тарихи жадында орын алған оқиғалармен байланыстыра түсіндірді.
Қ.Жұбанов университетінің @zhubanov.university Теориялық және қолданбалы тіл білімі кафедрасының оқытушылары мен студенттері жастардың тілдік білімімен қатар аялық білімін тереңдетуге септігін тигізген ұстаздың мазмұнды дәрісі үшін Ботагөз Мырзабайқызына алғыс айтып, ризашылығын білдірді.
Қазақстандағы университеттер арасындағы ғылыми негіздегі байланыс дәстүрлі жалғастығын табуда. Кафедрамыздың мақтанышы ғылым жолында үздіксіз еңбек етіп жүрген филология ғылымдарының докторы Ботагөз Мырзабайқызына жаңа белестерді бағындыруда табыс пен сәттілік тілейміз!
А. Қырқымбекова
Басқа жаңалықтар