Түлектер студенттерге қолдау көрсеттіFarabi University

Түлектер студенттерге қолдау көрсетті

15 желтоқсан, 2025

Тәуелсіздік күні қарсаңында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасына қарасты ирантану бөлімінің түлектері ақылы бөлімде білім алатын 3-курс студенттеріне қаржылай қолдау көрсетті.

Арнайы шәкіртақылар жас ирантанушыларды ынталандыруға, сондай-ақ студенттердің оқуына және кәсіби дамуына деген қызығушылығын арттыруға бағытталған бастама аясында табысталды.

Қолдау акциясын ирантану бөлімінің түлектері Еңлік Қасабекова мен Гауһар  Омарханова ұйымдастырды. Кездесу барысында олар студенттерді алдағы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтап, ирантанушы түлектер қауымдастығы атынан ізгі тілектерін жеткізді. «Біз үшін кафедрамен байланысты үзбеу және бүгінде мамандық жолындағы алғашқы қадамдарын жасап жүрген студенттерге қолдау көрсету маңызды. Олардың артында ұйымшыл әрі мықты түлектер қауымдастығы тұрғанын сезінгенін қалаймыз», – деді Еңлік  Қасабекова.

Іс-шара барысында түлектердің ортақ ұраны – «Бір-бірімізді қолдайық!» деген үндеу айтылып, ол түлектер мен кафедраның қазіргі студенттері арасындағы бірлік, өзара көмек пен ынтымақтастықтың символына айналды.

Студенттер көрсетілген қолдау үшін түлектерге шынайы алғыстарын білдірді. «Мұндай бастамалар оқуға деген ынтаны арттырады. Біз таңдаған мамандығымыздың маңызы зор әрі сұранысқа ие екенін сезінеміз», – деп ойын бөлісті 3-курс студенті.

Өткізілген акция Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының түлектері мен білім алушылары арасындағы байланысты нығайту жолындағы маңызды қадам болып, академиялық қауымдастықтың өзара қолдау, тәлімгерлік және кәсіби ынтымақтастық дәстүрлерін сақтауға және дамытуға ұмтылысын айқын көрсетті.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі