Қысқы сессияға арналған тікелей эфир ұйымдастырылдыFarabi University

Қысқы сессияға арналған тікелей эфир ұйымдастырылды

15 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қысқы сессия тақырыбына арналған арнайы тікелей сауал айдары ұйымдастырылды. Instagram желісіндегі «Farabi University» ресми парақшасында өткен тікелей эфир барысында студенттер өздерін толғандырған сауалын қойып, университет басшылығының өкілдерінен нақты жауап алды.

 

Спикерлер қатарында ҚазҰУ Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева, Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Бақыт Рахимбекова, Білім беру үдерісін жоспарлау және сүйемелдеу басқармасының басшысы Ерасыл Асылбеков болды. Сонымен қатар қосымша спикер ретінде Білім беру үдерісінің сапасын бақылау басқармасының басшысы Әсел Мусинова, Оқуды бақылау қызметінің жетекшісі Мейірманкүл Досымбекова, Академиялық және цифрлық инновация кеңсесінің басшысы Илья Круговых қатысты.

 

Тікелей эфирде қысқы сессияны тапсыру тәртібі, емтихан кестесі, академиялық адалдық талаптары, қайта тапсыру мүмкіндіктері және оқу үдерісіне қатысты өзге де маңызды мәселелер талқыланды. Университет өкілдері студенттердің сұрақтарына жан-жақты түсіндірме беріп, сессияның әділ әрі ашық өтуіне ерекше назар аударылатынын атап өтті.

Сонымен қатар эфир барысында білім алушы жастарға академиялық мәселелер бойынша сұрақтар мен қиындықтар туындаған жағдайда тиісті құрылымдық бөлімдерге жүгіну жолдары да түсіндірілді. Мұндай ашық форматтағы кездесулер студенттер мен университет әкімшілігі арасындағы кері байланысты нығайтуға бағытталған.

Айта кетейік, мұндай тікелей сауал айдары ҚазҰУ-да студенттердің ақпаратқа қолжетімділігін арттыру және оқу үдерісінің сапасын жақсарту мақсатында тұрақты түрде өткізілетін болады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі