Жаңа талаптарға бейімделу кезеңі
Ресейдің Болон білім беру жүйесінен шығу туралы шешімі тек өз елінде ғана емес, Қазақстанда да үлкен қызығушылық тудырды. Себебі көптеген қазақстандық университеттер ресейлік жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс істейді.
2003 жылы Ресейде енгізілген Болон жүйесі білімді екі деңгейге, яғни бакалавриат пен магистратураға бөлуді қарастырған еді. Алайда соңғы жылдары Ресей басшылығы бұл модель ұлттық білім беру дәстүріне және ішкі еңбек нарығының сұранысына толық сәйкес келмейді деген тоқтамға келді. Енді көрші ел мамандық жүйесіне қайта оралды, бұл бесжылдық бірыңғай оқу циклі болып саналады.
Болон үдерісінің қатысушысы болып қала беретін Қазақстан үшін бұл қадам ресейлік жоғары оқу орындарымен бірлескен бағдарламаларды бейімдеуді қажет етеді. Қазір көптеген қазақстандық университеттер Ресеймен қос диплом және академиялық алмасу жобаларын жүзеге асырып келеді. Енді олардың құрылымына өзгерістер енгізілуі мүмкін. Әсіресе ресейлік университеттердің Қазақстандағы филиалдарына бұл тікелей қатысты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы жұмыс істейді, ал Л.Н.Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінде Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы бар. Бұл орталықтар өз қызметін жалғастыра береді, бірақ оқу бағдарламалары жаңа ресейлік стандарттарға сәйкестендіріледі.
Дегенмен сарапшылар елдер арасындағы білім беру байланыстары сақталады деген пікірде. Бірлескен ғылыми зерттеулер, оқытушылар мен студенттер алмасу жалғаса береді, тек олардың форматы өзгереді.
Ресейдің Болон жүйесінен бас тартуы ынтымақтастыққа кедергі емес, бұл тек жаңа талаптарға бейімделу кезеңі. Қазақстан үшін басты міндет – еуропалық стандарттар мен Ресеймен академиялық байланыстың тепе-теңдігін сақтап, сапалы білім мен дипломдардың халықаралық мойындалуын қамтамасыз ету.
Тұрғара ТҮСЕЕВ,
Жылу физикасы және техникалық физика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ф.-м. ғылымдарының докторы
Басқа жаңалықтар