PolyU-KazNU орталығы жылды табысты қорытындыладыFarabi University

PolyU-KazNU орталығы жылды табысты қорытындылады

17 желтоқсан, 2025

PolyU-KazNU Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығы 2024-2025 жылдағы есептік кезеңін табысты аяқтап, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен The Hong Kong Polytechnic University-дің ғылыми-зерттеу және білім беру әлеуетін біріктіретін беделді халықаралық платформа ретіндегі позициясын нығайтты. Есептік кезеңде орталық тұрақты дамудың басым бағыттары бойынша жүйелі әрі нәтижелі қызмет жүргізді.

PolyU-KazNU Joint Research Projects 2025 бағдарламасы аясында төрт бірлескен зерттеу жобасының іске қосылуы есептік жылдың маңызды нәтижелерінің бірі болды. Бұл бастамалардың жалпы қаржыландыру көлемі 1 млн Гонконг долларын құрады. Зерттеу жобалары PolyU-дің School of Hotel and Tourism Management және Department of Applied Social Sciences құрылымдық бөлімшелерінің жетекші ғалымдарымен тығыз әріптестікте жүзеге асырылуда және орталықты құру туралы келісімде айқындалған стратегиялық зерттеу бағыттарына толық сәйкес келеді. Сонымен қатар есептік кезеңде орталық Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің ұлттық гранттық конкурстарына бірқатар ғылыми өтінімдер әзірлеп ұсынды. Ұсынылған жобалар қалалық экотуризмді және туристік аумақтардың тұрақты дамуын машиналық оқыту әдістері арқылы зерттеу, тұрақты ауылдық және community-based туризм модельдерін дамыту, сондай-ақ қазіргі қазақстандық қоғамның діни демографиясы мен диверсификациясын талдауды қамтиды.

Барлық ғылыми бастамалар The Hong Kong Polytechnic University халықаралық ғылыми кеңесшілерінің қатысуымен дайындалып, қазіргі уақытта конкурстық іріктеу сатысында тұр.

Елеулі жетістік ретінде ҚазҰУ докторанты Еркежан Дәулетханованың PolyU-дің Incoming Research Student Attachment Programme (RSAP-Incoming) беделді бағдарламасында жеңіске жетуін атап өтуге болады. Бағдарлама үш айдан 12 айға дейінгі мерзімде қабылдаушы университет профессорының жетекшілігімен ғылыми тағылымдамадан өтуді және 72 000 HKD-ге дейінгі стипендия алуды көздейді. Бұл жетістік жүргізіліп жатқан зерттеудің жоғары академиялық деңгейі мен халықаралық өзектілігін айқын көрсетеді. Есептік жылы орталықтың қатысуымен 28 ғылыми және академиялық еңбек жарық көрді. Олардың қатарында халықаралық рецензияланатын журналдардағы мақалалар, ұжымдық монографиялардағы тараулар, халықаралық конференция материалдары, сондай-ақ жас ғалымдар мен студенттердің ғылыми зерттеулері бар.

Негізгі ғылыми нәтижелердің қатарында Journal of Hospitality and Tourism Technology журналында жарияланған Q1 (SSCI) деңгейіндегі мақала, сондай-ақ Asia Pacific Journal of Tourism Research, International Journal of Tourism Cities, Social Sciences, China Journal of Social Work журналдарында әртүрлі рецензиялау кезеңдеріндегі жарияланымдар мен қолжазбалар бар. Сонымен бірге әлеуметтік жұмыс тәжірибелерін деколонизациялау мәселелеріне арналған халықаралық ұжымдық монографияда тарау жарияланды.

Орталық магистранттарды, докторанттарды және бакалавриат студенттерін ғылыми-зерттеу жұмыстарына кеңінен тартуға ерекше мән берді. Жас зерттеушілер өз еңбектерінің нәтижелерін халықаралық ғылыми алаңдарда ұсынып, университеттік және ұлттық деңгейдегі ғылыми байқаулардың жүлдегерлері атанды.

Сонымен қатар орталық бірқатар халықаралық ғылыми іс-шаралардың ұйымдастырушысы әрі академиялық платформасы ретінде қызмет етті. Есептік жылдың басты оқиғасы – орталықтың ресми ашылуы өткен Sustainable Development of Tourism in Central Asia: Challenges, Opportunities and Prospects атты II халықаралық форум өтті.

Жыл қорытындысы бойынша PolyU-KazNU Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығы қолданбалы ғылыми зерттеулерді іске асыруға, академиялық ұтқырлықты кеңейтуге, жоғары білікті зерттеуші кадрларды даярлауға және Орталық Азия өңірінің тұрақты дамуына бағытталған сараптамалық әлеуетті қалыптастыруға негізделген пәнаралық халықаралық платформа ретіндегі миссиясын толық растады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі