«Қызыл орамалды Шынарым»Farabi University

«Қызыл орамалды Шынарым»

2 желтоқсан, 2025

2 желтоқсан күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттік «Біз» театры «Қызыл орамалды Шынарым» атты лирикалық жаңа қойылымның тұсауын кесті.

Сахнада өмірдің өз бояуы, махаббаттың нәзік үні, сағыныштың мөлдір сезімі қатар өрілді. Әртістеріміз әр кейіпкердің тағдырымен бірге күліп, бірге толқып, бірге тыныстады. Соның ішінде Ілиястың рөлінде – Таңатов Рамазан, Әсел – Ерсайынова Жанерке, Байтемір – Сембиев Айболат, Хадиша – Жакешова Меруерт, Автор – Кенжеғали Өмірәлі, Әлібектің рөлінде - Уринбасаров Нұрбах өнер көрсетті.

Адам ессіз боп туады, есалаң өмір кешеді. Есі кіргенде... кеш болады. Өмір солай. Ойланбай басқан қадамы үшін – кейде, адам өмір-бойы азапқа душар болады. Адамдар қолындағы бақытты қадірлемей неге бөгденің жетегіне ергенді таңдайды? Бұл қойылым махаббаты үшін ата-анасын тастап, сүйіктісінің етегінен ұстаған ақ жүректі Әселдің кіршіксіз махаббатын аяққа таптаған Ілиястың өмір-бойғы өкінішін баяндайды.

«Қызыл орамалды шынарым» қойылымы бұйырған баққа ризалық білдіріп, жеңіл ләззаттың арбауына түспеуге итермелейді. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» дегендей, танымал шығарма көрермен қауымға өмірді бағалау туралы ой тастайды.

Қойылым режиссері Қанат Тілес повестің идеялық өзегін сақтай отырып, махаббат, таңдау және адамдық жауапкершілік тақырыптарын айқын көрсете білді. Спектакльдің көркемдік шешімінде сол дәуірдің рухы мен бояуын дәл жеткізген ұлттық костюмдер ерекше әсер қалдырды. Киім үлгілері, мата фактуралары мен түстер үйлесімі кейіпкерлердің болмысын ашып, сахнадағы атмосфераны толықтырды. Сонымен қатар, реквизит пен сахналық детальдардың ұқыпты таңдалуы қойылымның шынайылығын арттыра түсті.

Студенттердің актерлік ойыны шынайылығымен және әсерлілігімен ерекшеленіп, сахналық шешімдер мен музыкалық көркемдеу спектакльдің эмоционалдық қуатын күшейтті. «Біз» студенттік театрының бұл қойылымы жастардың шығармашылық әлеуетін танытып, Шыңғыс Айтматов шығармаларының бүгінгі көрермен үшін де өзекті екенін дәлелдеген маңызды мәдени шараға айналды.