Магистранттар халықаралық зертханаларға жолдама алды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінің 1-курс магистранты Тимур Ерланов пен химия және химиялық технология факультетінің магистранты Рамазан Қажданбеков академик Шахмардан Есенов атындағы Ғылыми-білім беру қоры ұйымдастырған халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды.
Халықаралық бағдарламалар орталығының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жоба қазақстандық жас ғалымдарға халықаралық зертханаларда ғылыми тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.
Тағылымдама аясында ҚазҰУ магистранттары әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істеп, өз салалары бойынша іргелі және қолданбалы зерттеулерге қатысады. Сонымен қатар олар халықаралық ғылыми жобаларға атсалысып, әлемдік деңгейдегі жетекші ғалымдармен тәжірибе алмасу арқылы кәсіби біліктіліктерін жетілдірмек.
Бүгінгі таңда байқаудың грант иегерлері ғылыми тағылымдамадан әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары мен зертханаларында өтуде. Атап айтқанда АҚШ-тың Harvard University, Michigan State University, George Washington University, University of California San Diego және University of Illinois Urbana-Champaign университеттері, Германияның Technical University of Berlin, Hamburg University of Applied Sciences, Anhalt University of Applied Sciences, сондай-ақ Ұлыбританияның University of Reading оқу орындары бағдарламаға серіктес ретінде қатысуда.
Аталған бағдарламаның басты мақсаты – отандық ғылымды дамыту, жас зерттеушілердің кәсіби әлеуетін арттыру және олардың халықаралық ғылыми ортаға кірігуіне жағдай жасау.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі