ҚазҰУ-да цифрландыру дәуіріндегі масс-медиа трансформациясы талқыландыFarabi University

ҚазҰУ-да цифрландыру дәуіріндегі масс-медиа трансформациясы талқыланды

20 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде БҰҰ Адамзат бауырластығының халықаралық күні аясында «Цифрландыру дәуіріндегі масс-медиа трансформациясы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел өтті. Биыл құрылғанына 15 жыл толып отырған «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі мен ҚазҰУ бірлесіп ұйымдастырған жиынға отандық бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, белгілі журналистер, депутаттар мен ғалымдар қатысты.

Ауқымды шараны ашқан ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды «жаппай цифрлық елге» айналдыру жөніндегі стратегиялық мақсатына тоқталып, жасанды интеллектінің маңызын атап өтті: «Президент атап өткендей, жасанды интеллект адамдардың өмір сүру салтын біржолата өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек, әйтпесе артта қалудың салдары ауыр болады. Сондықтан ҚазҰУ бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізіп келеді. Ақпараттық технологиялар факультетінен бөлек, журналистика факультетінде еліміздегі алғашқы «LG AI MediaLab» зертханасын іске қостық. Бұл орталық нейрожелілерді медиа және коммуникация саласында қолдануды үйрететін бірегей алаңға айналды», – деді Ректор.

Өз кезегінде ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Бибігүл Жексенбай журналистиканың қара шаңырағы ҚазҰУ-ға және ұстаздарға алғыс білдіріп, бүгінгі медианың жаңа болмысына тоқталды. Ол цифрландырудың жай технология емес, мемлекет пен азамат арасындағы сенім архитектурасын өзгертетін құбылыс екенін айтты. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ақпараттық кеңістікті ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі деп атады. Қазір жастардың 70 пайызы жаңалықты әлеуметтік желіден алады. Бұл медианың ықпалы азайды деген сөз емес, тек әсер ету тетіктерінің өзгергенін білдіреді», – деді сенатор.

Тақырыпты заңнамалық және этикалық қырынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Башимов сабақтастырды: «Ұлттық қауіпсіздікті сақтауда ар-имандылық бірінші орында тұруы тиіс. Қазір әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат көбейіп, жасанды интеллект адам айтпаған сөзді айтқызатын деңгейге жетті. Сондықтан біз заң алдындағы жауапкершілікті күшейтуді қолға алуға тиіспіз», – деді спикер.

Ақпарат саласында ұзақ жылдар еңбек еткен ардагерлерді марапаттау рәсімі басқосудың салтанатты сәтіне айналды. «Бас редакторлар клубының» 15 жылдық мерейтойы аясында қазақ журналистикасының майталмандары – Сағымбай Қозыбаев, Кәкен Хамзин, Марат Тоқашбаев және Нұржан Мұхамеджановаға ардагерлер медалі тапсырылды.

Басқосуда «Бас редакторлар клубы» ҚБ бірінші вице-президенті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Мұратбек Тоқтағазин қазіргі журналистикадағы жасанды интеллектінің рөлі мен оның болашағы жөнінде ой бөлісті.

Сонымен қатар медиаменеджер Ерлан Бекхожин, PR маманы, журналист Айбар Олжай, Республикалық «Әділет» газетінің төрағасы Қуанышбек Ботабеков, жасанды интеллект зерттеушісі Мейіржан Әуелханұлы және ҚазҰУ журналистика факультетінің докторанты Телман Бейсен және өзге де мамандар өз салалары бойынша өзекті мәселелерді көтеріп, нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Талқылау барысында медиа этика, өңірлік және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарын цифрландыру, ақпараттық ресурстар деректерін сақтау, цифрлық қорлар қалыптастыру, жасанды интеллектінің ақпараттық кеңістікке ықпалы, сондай-ақ цифрлық ортадағы ақпараттық жауапкершілік мәселелері кеңінен қамтылды. Ашық микрофон форматында қатысушылар өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.

Сондай-ақ қатысушылар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жоғары технологиялық жобалар мен өнімдерді инновациялық дамытуға бағытталған Farabi Hub, суперкомпьютер, Жерді қашықтан зондтау орталықтарын аралады. Танысу барысында университеттің ғылыми-инновациялық әлеуеті, заманауи инфрақұрылымы, сондай-ақ жас ғалымдар мен студенттерге ұсынылатын мүмкіндіктері жоғары бағаланды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі