20 томдық "Фарабитану" еңбегі таныстырылдыFarabi University

20 томдық "Фарабитану" еңбегі таныстырылды

23 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Әбу Насыр әл-Фарабидің 1155 жылдығына арналған «Фарабитану» көптомдығының 20 томдығының тұсаукесер рәсімі өтті. Ғылыми жиынға университет басшылығы, отандық және шетелдік философ-ғалымдар, оқытушылар, магистранттар мен докторанттар, сондай-ақ кітапхана оқырмандары қатысты.

Шараны философия және саясаттану факультетінің Философия кафедрасы және Әл-Фараби орталығы бірлесе ұйымдастырды. Тұсаукесер аясында «Әл-Фараби мұрасы» кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.

ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов жиынды ашып, «Фарабитану» көптомдығының отандық фарабитану ғылымындағы рөліне тоқталды. Бұл басылым іргелі зерттеулердің заңды жалғасы және ұлттық философиялық ойды жүйелеуге бағытталған ауқымды жобаның маңызды кезеңі екенін атап өтті. Көптомдықтың басты ерекшелігі – әл-Фарабидің философиялық, логикалық, этикалық, әлеуметтік-саяси, эстетикалық, жаратылыстану және музыкалық ілімдерін біртұтас өркениеттік құбылыс ретінде кешенді түрде қарастыруында.

Жиында жоба жетекшісі, көрнекті ғалым Жақыпбек Алтаев баяндама жасап, көптомдықты әзірлеу барысындағы ғылыми ұстанымдар, фарабитанудың қазіргі даму үрдістері және еңбектің отандық әрі халықаралық ғылыми қауымдастық үшін маңызы жөнінде мол мағлұмат берді.

 

Профессордың айтуынша, 20 томдықта әл-Фараби ілімінің қазіргі гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдармен сабақтастығы, ойшыл идеяларының бүгінгі рухани-мәдени кеңістіктегі өзектілігі кеңінен талданған.

Қатысушылар «Фарабитану» көптомдығы әл-Фараби мұрасын жүйелі түрде зерделеуге, ұлттық философиялық мектептің қалыптасуына және жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін арттыруға зор үлес қосатынын айтты. Бұл іргелі еңбек Қазақстанның ғылыми-рухани беделін халықаралық деңгейде нығайтуға ықпал ететіні де атап өтілді.

Тұсаукесер рәсімі ғылыми ой алмасуға, әл-Фараби мұрасын жаңаша пайымдауға және философиялық сабақтастықты тереңдетуге арналған мазмұнды диалог алаңына айналды.

 

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі