ҚазҰУ құқықтық байланыстарын кеңейтедіFarabi University

ҚазҰУ құқықтық байланыстарын кеңейтеді

24 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Ганьсу саясаттану және заң университетіндегі Қазақстан әлеуметтік-құқықтық зерттеу орталығының директоры, заң ғылымының докторы, профессор Күнболат Сұңғатұлын қабылдады.

Жүздесу барысында тараптар екіжақты ғылыми ынтымақтастықты дамыту, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру мәселелерін талқылады. Бұған қосымша, құқық және әлеуметтік ғылымдар саласындағы өзара тәжірибе алмасу, халықаралық ғылыми конференциялар мен семинарларды бірлесіп өткізу, жас ғалымдар мен студенттерге арналған тағылымдамалар ұйымдастыру мүмкіндіктері сөз болды.

Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың халықаралық серіктестікті кеңейтуге ерекше мән беретінін атап өтіп, Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарымен байланысты нығайту екі ел арасындағы ғылыми және мәдени ықпалдастыққа оң әсер ететінін айтты.

Өз кезегінде профессор Күнболат Сұңғатұлы Қазақстан мен Қытай арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары екенін жеткізді.

Кездесу соңында тараптар алдағы уақытта өзара әріптестікті нақты жоспарлар негізінде дамытуға уағдаласты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі