ҚазҰУ ректоры жылды қорытындыладыFarabi University

ҚазҰУ ректоры жылды қорытындылады

25 желтоқсан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында университеттің QS World University Rankings халықаралық рейтингіндегі позициясын нығайту және цифрлық инфрақұрылымды дамыту мәселесі қаралды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев жыл қорытындылары туралы баяндап, ұжым атқарған жұмыстың ауқымды екенін атап өтті.

Оқу ордасының басшысы соңғы уақытта ҚазҰУ-да инновациялық инфрақұрылымның едәуір жаңарғанын айтты. 110 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып,  50 заманауи зертхана ашылды. Маңызды оқиғалардың бірі – жоғары технологиялық жобалар мен стартаптарды дамытуға арналған Farabi Hub платформасының құрылуы болды. Әлемдегі үздік суперкомпьютермен жабдықталған кластер ашылып, табысты жұмыс істеуде.

ҚазҰУ базасы Farabi Robotics орталығы, Цифрлық технологиялар және робототехника халықаралық институты, Polyu-ҚазҰУ Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығы, Ми институты, «Basf Mining Solutions» зертханасы, Цитоматрица зерттеу орталығы, ұшқышсыз ұшу аппараттарын әзірлейтін цех және басқа да заманауи ғылыми зертханалармен толықты. Ағымдағы жылдың желтоқсан айында Солтүстік-батыс политехникалық университеті мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірлесіп әзірлеген «Қазақстан – Қытай» наноспутнигі 530 км биіктіктегі орбитаға шығарылды.

Алдағы уақытта университеттің халықаралық академиялық беделін жүйелі түрде нығайтуға, ғылыми-білім беру серіктестіктерін кеңейтуге, оқу және басқару қызметіне цифрлық шешімдерді белсенді енгізуге күш салу қажеттігі атап өтілді. Ректор барлық құрылымдық бөлімшелердің үйлесімді жұмысы және оқытушылар мен қызметкерлердің белсенді қатысуы арқылы ғана оқу ордасы өз позициясын нығайтып, тұрақты дами алатынын жеткізді.

Жиында QS рейтингіндегі ілгерілеу туралы Стратегиялық даму орталығының директоры Жандос Байжұма баяндама жасап, Биотехнология кафедрасының меңгерушісі Аида Қыстаубаева қосымша баяндама жасады. Сондай-ақ отырыс барысында QS WUR 2027 рейтингіне қатысу жөніндегі жұмыс жоспары таныстырылды. Халықаралық академиялық сарапшылар мен жұмыс берушілерге арналған сауалнама 2026 жылдың наурызына дейін жүргізіледі. Университет деректерін QS HUB платформасына енгізу мерзімі 2026 жылғы 12 ақпанға дейін белгіленген, ал рейтинг нәтижелері 2026 жылдың маусым айында жарияланады.

Сонымен қатар университеттің өз позициясын бағалау және болашаққа болжам жасау үшін қолданатын сараптамалық материалдары ұсынылды. Бұл мақсатта QS, Times Higher Education, Scopus және SciVal рейтингтерінің деректері, сондай-ақ заманауи аналитикалық және цифрлық құралдар пайдаланылады. Баяндамашы Жандос Байжұма аталған тәсілдер ҚазҰУ-дың халықаралық рейтингтердегі орнына ең көп әсер ететін факторларды нақты айқындауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Академиялық бедел мәселесіне ерекше назар аударылды. QS 2025 сауалнамасына 348 халықаралық сарапшы қатысып, оның нәтижесі бойынша ҚазҰУ 166-орынды иеленді. Алдағы жылы сарапшылар санын 500-ге дейін арттыру мақсаты қойылды. Баяндамашылардың айтуынша, университеттің шетелдік ғалымдар арасындағы танымалдығын арттыру QS рейтингіндегі өсудің негізгі факторларының бірі.

Талқылау барысында халықаралық ғылыми байланыстарды дамыту мәселелері де қозғалды. Бүгінде ҚазҰУ әлемнің 620-дан астам университетімен тығыз ынтымақтастық орнатқан және алдағы уақытта тұрақты шетелдік ғылыми әріптестікті кеңейтіп, бірлескен ғылыми жарияланымдар санын арттыруды жоспарлап отыр. Бағдар ретінде QS рейтингінің Топ-150 қатарына тұрақты түрде енетін жетекші көпсалалы университеттер таңдалған.

ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетін күшейту үшін зерттеуші кадрларды дамыту, жетекші ғалымдарды тарту, халықаралық және корпоративтік серіктестіктерді кеңейту сияқты түрлі тәсілдер қарастырылуда. Ұсынылған болжамдар бұл шаралардың теңгерімді үйлесімі ең жоғары нәтиже беретінін көрсетеді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе университеттің цифрлық дамуына арналды. Бұл тақырып бойынша Ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Махмұт Томанов баяндама жасап, Компьютерлік ғылымдар кафедрасының меңгерушісі Нұрислам Қасымбек қосымша баяндама ұсынды.

Отырысқа қатысушыларға университеттің ІТ-инфрақұрылымының қазіргі жағдайы және оны одан әрі дамыту жоспарлары таныстырылды. Цифрлық сервистерді жетілдіру, ақпараттық жүйелерді интеграциялау, білім беру, ғылым және басқару салалары үшін заманауи цифрлық ортаны қалыптастыру мәселелері сөз болды.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі