«Әлеуметтік желідегі діни деструктивтік ағымдарды ажырату ерекшеліктері»
«Әлеуметтік желідегі діни деструктивтік ағымдарды ажырату ерекшеліктері» тақырыбындағы іс-шара Тұрақты дамудың 4-ші мақсаты – «Баршаға инклюзивті, тең және сапалы білім беруді қамтамасыз ету және өмір бойы білім алу мүмкіндіктерін ілгерілету» аясында ұйымдастырылды.
Аталған семинар-тренингтің негізгі бағыты – жастардың ақпараттық, діни және құқықтық сауаттылығын арттыру, әлеуметтік желілерде таралатын діни деструктивтік контентті ажырата білу қабілеттерін қалыптастыру, сыни ойлау дағдыларын дамыту арқылы сапалы білім беруге үлес қосу болып табылады.
Іс-шараның мақсаты:
Тұрақты дамудың 4-ші мақсаты аясында студенттерге әлеуметтік желілердегі діни деструктивтік ағымдардың белгілерін тану, жалған және манипулятивті ақпаратты сараптау дағдыларын меңгерту, ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, зайырлы қоғам қағидаттарын түсіндіру және жауапты азаматтық ұстанымды дамыту.
16 қарашада Алматы технологиялық колледжінде өткен семинар-тренинг барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Дінтану және мәдениеттану кафедрасының доценті Ж.У. Кантарбаева «Әлеуметтік желідегі діни деструктивтік ағымдарды ажырату ерекшеліктері» тақырыбында дәріс оқыды. Дәріс мазмұнында деструктивтік діни контенттің негізгі сипаттамалары, жастарды тарту тәсілдері, ақпаратты сыни тұрғыда талдау жолдары кеңінен қарастырылды.
Тренингтік бөлімде интерактивті тапсырмалар мен жағдаяттық талдаулар жүргізіліп, студенттердің медиасауаттылық, сыни ойлау және дербес шешім қабылдау қабілеттері нығайтылды. Бұл іс-шара жастардың білім сапасын арттыруға, өмірлік маңызы бар дағдыларды меңгеруіне және саналы әрі жауапты тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етті.
Осылайша, семинар-тренинг Тұрақты дамудың 4-ші мақсатына сәйкес келіп, жастардың сапалы білім алуына, ақпараттық ортада бағдар таба білуіне және өмір бойы білім алу құндылықтарын қалыптастыруға бағытталды

Басқа жаңалықтар