- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Ислам құндылықтары және заманауи әйел: сыни дискурс» тақырыбындағы халықаралық семинар өтті
«Ислам құндылықтары және заманауи әйел: сыни дискурс» тақырыбындағы халықаралық семинар өтті
2025 жылғы 22 желтоқсанда Иран Ислам Республикасындағы Алламе Табатабаи университетінің (АТУ) Орталық кітапханасында «Ислам құндылықтары және заманауи әйел: сыни дискурс» тақырыбында халықаралық семинар өтті. Іс-шара ZOOM платформасы арқылы ұйымдастырылды.
Аталған ғылыми семинардың мақсаты – мәдени және діни әртүрлілік аясында гендерлік теңдік мәселелерін талқылауға арналған халықаралық академиялық диалог алаңын қалыптастыру болды. Іс-шара барысында білім беру, ғылыми зерттеу және мәдениетаралық ықпалдастықтың Тұрақты даму мақсаттарының 5-бағытын – гендерлік теңдікті қамтамасыз ету жолындағы маңызы кеңінен талқыланды. Әсіресе, мұсылман қоғамдарындағы дәстүр, дін және модернизация мәселелерінің өзара сабақтастығына ерекше назар аударылды.
Семинар жұмысына түрлі елдердің ғалымдары, оқытушылары мен сарапшылары қатысып, әйел болмысы, діни құндылықтар және жаһандану жағдайындағы әлеуметтік өзгерістер мәселелерін талқылады. Аталған халықаралық ғылыми алаңға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдері де белсенді қатысты.
Семинар барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дінтану және мәдениеттану кафедрасының доценті Ж.У. Кантарбаева
«Жаһандану жағдайындағы заманауи мұсылман әйелінің болмыстық сын-қатерлері (Қазақстан қоғамы мысалында)» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндаманың негізгі мақсаты – қазіргі мұсылман әйелінің тұлғалық болмысына әсер ететін жаһандық үдерістерді ғылыми тұрғыдан талдау, діни құндылықтар мен мәдени дәстүрлердің гендерлік теңдік қағидаттарымен үйлесімін көрсету болды. Бұл мәселе Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының 5-мақсатымен – «Гендерлік теңдікпен» тікелей байланысты.
Семинар барысында мұсылман әйеліне қатысты қалыптасқан стереотиптерге сыни талдау жасалып, ислам құндылықтары мен қазақ әйелінің ұлттық-мәдени болмысының заманауи әлеуметтік талаптармен, білім алу, кәсіби даму және қоғамдық белсенділікпен үйлесу жолдары кеңінен талқыланды. Ж.У. Кантарбаева гендерлік теңдік ұғымы этно-діни болмысқа қайшы келмейтінін, керісінше қоғамның тұрақты дамуына ықпал ететін маңызды фактор екенін атап өтті.
Аталған халықаралық ғылыми іс-шараға қатысу арқылы доцент Ж.У. Кантарбаева университеттің академиялық беделін нығайтып, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ гендерлік теңдік, әлеуметтік инклюзия және әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы бастамаларды ілгерілетуге үлес қосты.
Басқа жаңалықтар