Ана тілі

25 сәуір, 2016

ҚазҰУ қалашығындағы мереке. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Алматы қаласының 1000 жылдық мерей­тойлары қарсаңында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінде жыл сайынғы дәс­түр бойынша әз-Наурыз мейрамын атап өтті. Бір айта кетерлігі, ұлттық университет соңғы 5 жыл көлемінде бұл айтулы мерекені ҚР Сыртқы істер министрлігі және оңтүстік астананың елшілік бөлімдерімен бірге тойлап келеді. Соны­мен қатар Қытай, АҚШ, Түркия, Иран, Испания, Франция, ГФР, Корея, Үндістан және т.б. мемлекеттер елшілік­терінің басшылары, БҰҰ, ЭСКАТО, АӨЫСШК ұйымдарының өкілдері келді. Мерекелік шараға, сондай-ақ оқытушы-профессорлар құрамы, студенттер, шетелдік қонақтар қатысты. Мереке аясында шетелдік меймандар ҚазҰУ-дың жаңа инфра­құрылымдық нысандарымен, соның ішінде «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығымен танысты. Қытай елінің Қазақстандағы бас консулы Чжан Вей атап өткендей, мұндай орталықтың болуы көптеген әлемдік жоғары оқу орындарына үлгі болып табылады. Шетелдік қонақтарға ҚазҰУ қалашығында жаңадан бой көтеріп, қолданысқа берілгелі отырған 25 метрлік жүзу бассейні таныстырылды. Тұрғызылған ғимарат құрылысы мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізінде іске асырылған. Жуық арада бұл бассейн қызметін университет студенттері ғана емес, қала тұрғындары да пайдалана алады. Таныстыру рәсімінен кейін мере­ке­лік шаралар бастау алды. Арнайы тігіл­ген 25 киіз үйде ақ дастар­қан жайыл­ды. Мерекелік шараны ҚазҰУ рек­торы Ғалымқайыр Мұтанов ашты. «Бүгінде Наурыз – ұлты­мыздың осы күнге дейін жеткен сындарлы жетістіктері, қуаныш­ты жеңістерімен үндескен мереке. Достық пен келісім, сенім мен түсіністік басты ұстанымы болған қазақ елін көркейткен Елбасымыз­дың еңбегінің арқасында жаңа жылды жаңа жетістіктермен, жарқын болашаққа деген сеніммен қарсы алып отырмыз» деді Ғ.Мұтанов. Елшілік бөлімдердің атынан сөз алған Қазақстандағы АҚШ-тың Бас консулы Марк Муди өз лебізін мемлекеттік тілде құттықтады. Жиын барысы одан әрі университет студенттері мен көркем­өнерпаздар үйірмелерінің мүшелері дайындаған «Наурыз – Нұрлы жол» атты мерекелік концертпен жалға­сын тапты. Өнерпаз­дар атынан атал­мыш мейрамды әспет­тейтін «Бәйтерек», «Самұрық», «Күн», «Жақ­сылық пен жамандық», «Жердің оянуы», «Жеті дәннің туылуы», «Жібек жолы», «Алматыға 1000 жыл» атты музыкалық-театрлан­дырылған қойылым­дары қойылды. Университет басшылығы мен мейрамның құрметті қонақтары бірігіп, еліміз бен өзге мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынас ұлғая берсін деген ниетпен қалашықтағы «Бейбітшілік бағына» ағаш көшеттерін отырғызды. Айтуған Дәулет