ҚазҰУ-дағы Наурыз мерекесі. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және Алматы қаласының 1000 жылдық мерейтойлары қарсаңында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жыл сайынғы дәстүрмен түркітектес елдердің ортақ мерекесі – Әз-Наурыз мейрамы кең көлемде атап өтілді, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы. Соңғы 5 жыл көлемінде ҚазҰУ айтулы мерекені ҚР Сыртқы істер министрлігі және оңтүстік астананың елшілік бөлімдерімен біріге тойлап келеді. Оқытушы-профессорлар құрамы және студенттермен қатар жиынға 50-ден аса шетелдік қонақтар қатысты. Оның ішінде Қытай, АҚШ, Түркия, Иран, Испания, Франция, ГФР, Корея, Индия және т.б. мемлекеттер елшіліктерінің басшылары, БҰҰ, ЭСКАТО, АӨЫСШК ұйымдары мен шетелдік жетекші ЖОО-лар өкілдері болды. Жаңару мен өркендеудің мейрамы Наурыз бағдарламасы аясында шетелдік қонақтардың жыл сайын ҚазҰУ-дың жаңа инфрақұрылымдық нысандарымен танысуы бүгінде дәстүрге айналып отыр. Бұл жолы әлемдік кеңістікте теңдесі жоқ «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы шақырылған қонақтарға үлкен әсер қалдырды. Қытай елінің Қазақстандағы бас консулы Чжан Вей атап өткендей, «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсететін осындай бірегей университеттік сервис орталығының болуы көптеген әлемдік ЖОО-ларға үлгі». Сондай-ақ ҚазҰУ қалашығында жаңадан бой көтеріп, қолданысқа берілгелі отырған 25 метрлік жүзу бассейнінің ғимараты таныстырылды. Тұрғызылған ғимарат құрылысы мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізінде іске асырылған және жуық арада бұл бассейнде университет студенттері ғана емес, қала тұрғындары да жүзе алатын болады. Ырыс пен ынтымақтың жаршысына айналған мерекеге орай 25 киіз үй тігіліп, жиылған көпшілікке ұлттық тағамдармен көмкерілген ақ дастарқан жайылды. Мерекелік шараны ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов ашты. Ол: «Бүгінде Наурыз – ұлтымыздың осы күнге дейін жеткен сындарлы жетістіктері, қуанышты жеңістерімен үндескен мереке. Достық пен келісім, сенім мен түсіністік басты ұстанымы болған қазақ елін көркейткен Елбасымыздың еңбегінің арқасында жаңа жылды жаңа жетістіктермен, жарқын болашаққа деген сеніммен қарсы алып отырмыз», – деп сөз бастап, жиылған көпшілікке жүрекжарды тілегін жеткізді. Елшілік бөлімдердің атынан Қазақстандағы АҚШ-тың Бас консулы Марк Муди шығып, университет ұжымын және барша қазақстандықтарды қазақ тілінде құттықтады. Жиын барысы одан әрі университет студенттері мен көркемөнерпаздар үйірмелерінің мүшелері дайындаған «Наурыз-Нұрлы жол» атты мерекелік концертпен жалғасын тапты. Өнерпаздар атынан аталмыш мейрамды әспеттейтін «Бәйтерек», «Самұрық», «Күн», «Жақсылық пен жамандық», «Жердің оянуы», «Жеті дәннің туылуы», «Жібек жолы», «Алматыға 1000 жыл» атты музыкалық-театрландырылған қойылымдары қойылды. Домбырадан күмбірлі күй төгіліп, би биленіп, өнерлі жастардың сыйы ретінде әуезді әндер әуеледі. Университет басшылығы мен мейрамның құрметті қонақтары бірігіп, еліміз бен өзге мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынас ұлғая берсін деген ниетпен қалашықтағы «Бейбітшілік бағына» ағаш көшеттерін отырғызды. «Қамшы» сілтейді