Ректор Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысына қатысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Астана қаласында өткен Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысына қатысты.
Комиссияға Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Азимова жетекшілік етеді. Төрағаның орынбасарлары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Комиссия құрамына Парламент депутаттары, мәслихат төрағалары, БАҚ өкілдері, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың, өңірлердегі қоғамдық кеңестер мен ғылыми қоғамдастық өкілдері, сарапшылар кірді.

Жиында Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Азимова Конституциялық реформаның басты мақсаты мен міндеттерін атады. «Қазіргі уақытта жұмыс тобының мүшелерінен бөлек, азаматтардан 2000-нан астам ұсыныс келіп түскенін ерекше атап өткен жөн. Президент ұсынған мемлекеттік билікті бір палаталы Парламентке – Құрылтайға өткізу, Халық кеңесін құру, вице-президент лауазымын енгізу және басқа да мәселелер жан-жақты әрі кешенді түрде зерттеліп, пысықтауды қажет етеді. Қазақстан Республикасы саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басуда. Мемлекет басшысы әрі қарайғы дамудың институционалдық тепе-теңдікті нығайту, заң шығарушы биліктің тиімділігін арттыру, тежемелік тепе-теңдік жүйесін күшейту, сондай-ақ қоғамның мемлекеттік басқаруға қатысуын қамтамасыз ететін конституциялық механизмдерді жаңарту арқылы ғана мүмкін екенін айқын атап көрсетті», – деді Эльвира Азимова.

Ерлан Қарин Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының атқарған ісіне тоқталды. «Бүгін жұмысын бастағалы отырған Конституциялық комиссия – осыған дейін жарты жыл бойы жұмыс істеген Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының заңды жалғасы. 8 қазанда Президент өкімімен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылды. 14 қазан күні жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Оған Президент арнайы қатысты. Сол отырыста жұмыс тобының мүшелері ауқымды өзгерістер Конституцияның бірнеше бөлімін қамтитынына назар аударды. Мұндай ауқымды түзетулер кезінде азаматтардың да пікірі ескерілуге тиіс. Сол себепті 14 қазанда азаматтардың ұсыныс-пікірлерін жинақтау үшін e-Otinish және eGov порталдарында «Парламенттік реформа» деген арнайы бөлім ашылды. Парламентаризм институты келіп түскен ұсыныстарды жинақтап, жүйелеумен айналысты», – деді Ерлан Қарин.

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев, Парламент Мәжілісінің депутаты, Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Үнзила Шапақ, «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ақылбай, Қазақстан Республикасының адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев, Парламент Мәжілісінің депутаты, Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Марат Бәшімов, Адвокаттардың республикалық алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі, Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Елнұр Бейсенбаев, Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығының ғылыми жетекшісі Жақсыбек Күлекеев, Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов, «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы, Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асанов, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі, Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Азат Перуашев, «ҚазГЗУ университеті» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев, әділет министрі, Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Ерлан Сәрсембаев сөз сөйледі.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі