Химия саласындағы ЖИ мүмкіндіктері қаралдыFarabi University

Химия саласындағы ЖИ мүмкіндіктері қаралды

26 қаңтар, 2026

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының ұйымдастыруымен «Білім беру саласындағы жасанды интеллект: мүмкіндіктері мен келешегі» тақырыбында халықаралық қысқы мектебі өтті. Айтулы шара гибридтік форматта Тau Hub Аюсай шатқалы коворкинг орталығында ұйымдастырылып, Қазақстан, Оңтүстік Корея, Өзбекстан және Қырғызстан университеттерінен 50-ге жуық қатысушыны біріктірді.

Қысқы мектептің негізгі мақсаты – қатысушылардың пәнаралық зерттеу құзыреттерін дамыту, химия саласында деректер ғылымы мен жасанды интеллект құралдарын қолдану арқылы жаңа буын зерттеушілерін қалыптастыру және университеттер арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын нығайту. Шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті және халықаралық серіктес – SeoulTech университетінің (Корея Республикасы) мамандары атсалысты.

Қысқы мектеп бағдарламасы бірнеше бағытты қамтыды, атап айтқанда деректер ғылымы, жасанды интеллект құралдары, үлкен деректер мен суперкомпьютерлік есептеулер, білім беру инновациялары және пилоттық зерттеу жобалары.

Модератор Асхат Елтаев LUPIC жобасы аясында қысқы мектептің мақсаты мен тақырыптарын таныстырып, қатысушыларды «Химия және қоршаған ортадағы Data-Driven Science» тақырыбымен 1-сессияға бағыттады.

Бірінші сессияда Қорқыт Ата университетінің профессорлары мен спикерлері робототехника, жасанды интеллект зерттеулері, химиялық технологиядағы деректер ғылымын қолдану, сондай-ақ ғалымдарға арналған AI құралдарын таныстырды. Екінші сессияда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессорлары мен магистранттары ірі тілдік модельдер, астрофизикалық есептерге арналған суперкомпьютерлік шешімдер, химияны оқытуда жасанды интеллект қолдану тәжірибесі туралы баяндамалар жасады. Ал үшінші сессияда панельдік талқылау ұйымдастырылып, болашақ ынтымақтастық аясында «Жасанды интеллект – химия, білім беру және пәнаралық зерттеулер болашағының катализаторы» тақырыбы қаралды. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің спикерлері химиядағы жасанды интеллект және кері байланыс мәдениетін интеграциялау тәжірибесін бөлісті.

Сондай-ақ басқосуда қатысушылар білім беру саласындағы заманауи AI технологиялары, халықаралық тәжірибе, цифрлық трансформация және оқу үдерісін жетілдіру жолдарын талқылады.  

Қатысушылар шараның Қазақстан Республикасы Президентінің жасанды интеллект пен цифрлық трансформацияны дамыту жөніндегі стратегиялық тапсырмаларымен үндесетінін атап өтіп, цифрлық құзыреттерді дамытуға, инновациялық тәсілдерді енгізуге және академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік бергенін жеткізді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі