Ата заңға енгізілетін өзгерістердің жобасы таныстырылды
Конституциялық комиссияның отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Ата заңға енгізілетін өзгерістердің жиынтық жобасын таныстырды.
Бұл құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдардан және сарапшылардан түскен барлық ұсыныстардың негізінде әзірленді.
Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, жаңартылған Конституция жобасында Преамбула, 11 бөлім және 104 бап бар. «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізілген. Тағы 4 бөлімнің атауы өзгерді. Жалпы, өзгерістер мен толықтырулар Ата заңның барлық бөлімдерін қамтып, 77 бапқа түзетулер енгізілді. Бұл Конституция мәтінінің 84 пайызын құрайды.

Жиынтық жоба білікті заңгерлер мен лингвистерден құралған жұмыс топтарында қатар пысықталуда.
Сонымен қатар негізгі өзгерістер туралы айтылды. Атап айтқанда жаңа бір палаталы Парламент моделі енгізіледі, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктері кеңейеді, Конституциялық соттың құқық қорғау тетіктері мен Ата заң негізінде құқық үстемдігін қамтамасыз ету бойынша қызметінің тиімділігі артады.
Бұған қосымша, Конституцияның адамның жеке басына қол сұқпаушылық, адамның негізгі құқықтарын қорғау және сот билігінің тәуелсіздігіне қатысты нормалары айтарлықтай күшейтіледі. Сондай-ақ Конституцияда неке мен отбасы құндылықтарын, қоршаған ортаны қорғау міндеттемелері нығайтылады.

Айта кетейік, Конституциялық комиссияның отырысына Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев қатысуда.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар