Мемлекет басшысы ҚазҰУ түлегін жоғары жетістігімен құттықтады
Фото:Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі, химия пәнінің мұғалімі Татьяна Белоусова Global Teacher Prize халықаралық байқауының нәтижесі бойынша әлемнің үздік 50 педагогінің қатарына енді. Бұл ҚазҰУ үшін зор мақтаныш және қазақстандық білім беру саласы үшін айтулы жетістік.
Татьяна Белоусова – ҚазҰУ-дың химия факультетінің 1983 жылғы түлегі. Бүгінде ол Алматы қаласындағы №95 мектеп-лицейінде химия пәнінен сабақ беріп, шәкірт тәрбиелеуге бар ғұмырын арнаған педагог-шебер ретінде танылып келеді. ҚазҰУ түлегінің халықаралық деңгейдегі бұл табысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарынан тыс қалмады.
Президент өз құттықтауында: «Бұл жоғары мойындау сіздің жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытуға бағытталған көпжылдық жемісті еңбегіңіздің нәтижесі. Біздің ортақ мақсатымыз – интеллектуалды ұлт қалыптастыру. Мемлекет мұғалімдердің мәртебесін арттыру және оларды жан-жақты қолдау бағытында жүйелі шаралар қабылдап келеді», – деп атап өтті.
Сондай-ақ Татьяна Белоусова 2024 жылы «Қазақстан мұғалімі» құрметті атағының иегері атанған. Ол Global Teacher Prize халықаралық байқауына бірнеше кезеңнен тұратын іріктеу арқылы өткен. Атап айтқанда сауалнама тапсыру, қосымша материалдар ұсыну, сарапшылардың бағалауы және финалдық іріктеу кезеңдерінен сәтті өтіп, үздіктер қатарынан көрінді.
Қазақстан бұл беделді байқауға бесінші рет қатысып отыр. Осы уақытқа дейін еліміздің өкілдері үш мәрте әлемнің үздік 50 педагогінің қатарына енген, оның ішінде биылғы жетістік те бар.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы халықаралық деңгейде мойындалған өз түлегін шын жүректен құттықтап, ұстаздық жолында жаңа биіктер мен жарқын жетістіктер тілейді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар