Пушкин шығармашылығы бойынша халықаралық олимпиада
ТДМ-4 Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде «Пушкин шығармашылығын білесің бе?» атты халықаралық гуманитарлық ғылыми студенттік олимпиада өтті.
Олимпиада А.С. Пушкиннің ескі стиль бойынша 29 қаңтардағы қайтыс болған күніне орай ұйымдастырылды. Олимпиадаға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) журналистика факультетінің студенттері мен Ресей Федерациясы, Коломна қаласындағы Мемлекеттік әлеуметтік-гуманитарлық университеттің (МӘГУ) филология факультетінің студенттері қатысты.
Олимпиаданың ашылуында ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қанат Әуесбай Пушкин шығармаларының бүгінге дейін оқылып, зерттеліп келе жатқанын, оның есімі әрдайым құрметпен аталатынын атап өтті. Сондай-ақ ол 1833 жылдың қыркүйегінде Пушкиннің «Пугачев бүлігінің тарихы» еңбегіне материал жинау мақсатында Қазақстанға келгенін, қазақтың бірнеше аңызын, соның ішінде Қозы Көрпеш – Баян сұлу туралы жырды жазып алғанын еске салды.
Ал МӘГУ филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Татьяна Капырина екі факультет арасындағы көпжылдық ынтымақтастықты, студенттердің ғылыми пікірталастар мен конференцияларға бірлесіп қатысып жүргенін атап өтті.
Студенттер 25 күрделі сұраққа сәтті жауап беріп, Царскосель лицейінің атақты түлектерін, «лицейлік бауырластық» ұғымын, сондай-ақ гуманитарлық пәндерден бөлек оқытылған фехтование, би, атқа міну сияқты пәндерді атап өтті.
Қазіргі студенттер Антон Дельвигтің баспа ісіндегі қызметін де жақсы біледі. Ол – лицеистер арасында алғаш болып «Вестник Европы» журналында өлеңдерін жариялаған ақын. Студенттер Пушкиннің тілдік айналымға енгізген «машинально», «вульгарный», «маяться» сияқты сөздерді де атады. Айта кету керек, Пушкин өз шығармаларында шамамен 25 мыңға жуық сөз қолданған, бұл оның тіл байлығының айғағы. Сонымен қатар, студенттер Пушкиннің «Литературная газета» мен «Современник» журналдарын қандай мақсатта ашып, шығарғанын да дұрыс болжады. Олимпиада барысында ақынның сүйікті өлеңдерінен үзінділер де оқылды.
Әлмедина Шайхат, ҚазҰУ журналистика факультетінің 3-курс студенті:
– Әрқайсымыз А.С. Пушкиннің көптеген шығармаларымен таныспыз, ал кейбіріміз оның шығармашылығынан шабыт алып, қоғамдағы маңызды мәселелерді терең әрі әсерлі көтеретін ұлы автор болуды армандаймыз. Мұндай іс-шараларды өткізу өте маңызды деп есептеймін. Олар әлемдік әдебиеттің дамуына үлес қосқан тұлғаларды еске алып қана қоймай, жаңа мәліметтер алып, пікір алмасуға және гуманитарлық ғылымдардың түрлі бағыттары тұрғысынан ой-өрісімізді кеңейтуге мүмкіндік береді.
Аружан Абугалиева, ҚазҰУ журналистика факультетінің 2-курс студенті:
– МӘГУ студенттерімен бірге өткен олимпиада А.С. Пушкин дәуіріне тереңірек үңілуге мүмкіндік берді. Қызықты деректерді еске алу өте жылы әсер қалдырды. Диалогқа құрылған, шынайы қызығушылық пен әдеби мұраға деген құрметке толы атмосфера бұл кездесуді ерекше құнды әрі есте қаларлық етті.
Лариса Нода,
ҚазҰУ журналистика факультетінің оқытушысы,
Халықаралық Пушкин конкурсының лауреаты,
олимпиаданы ұйымдастырушы.
Басқа жаңалықтар